Біріккен Араб Әмірліктерінен Қазақстанға келген петропавлдық 21 жастағы Арамның жастарға үлгі боларлық жолы

Құжаттарында тегі мен әкесінің аты көрсетілмеген. Есесіне, оның үлкен амбициялары, өзіндік ұстанымдары және өзгелерге көмектесуге деген ықыласы бар. 21 жастағы Арам ағылшын тілінен сабақ беріп, тренингтер өткізеді, дебат бағытын дамытып, жастардың жобаларын жүзеге асыруына көмектеседі. Ол Біріккен Араб Әмірліктерінде дүниеге келген, араб және неміс тамыры бар. Алайда өз үйі деп Петропавлды санайды. Жас жігіт өзінің басты жетістігі ретінде жеке жеңістерін емес, өзі қолдау көрсетіп, өзіне сенуге көмектескен адамдардың табысын атайды, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.
Арам өмірінің алғашқы тоғыз жылын Біріккен Араб Әмірліктерінің Шарджа қаласында өткізген. Кейін отбасы Петропавлға көшіп келген. Әкесі — араб ұлтының өкілі, ал анасы — неміс. Сондықтан отбасында екі мәдениеттің дәстүрлері тоғысып, түрлі елдердің мерекелері атап өтіледі. Жас жігіттің өзі адамның шыққан тегі өзгелерге деген қарым-қатынасына әсер етпеуі керек деп есептейді.
«БАӘ менің өмірімде ерекше орын алады. Қазақстан — менің Отаным, осында өстім, осында тұрамын. Бірақ дүниеге келген елді ешқашан ұмытпаймын. Бұл — өмірімнің бастау алған нүктесі. Мен әртүрлі мәдениеттер мен дәстүрлерді бағалаймын, ештеңені ұмытпауға тырысамын. Мен үшін басты құндылықтар — адамгершілік пен жүрек мейірімі. Адамның қай жерде дүниеге келгені маңызды емес. Ең бастысы — оның өзгелерге құрметпен қарай білуі», — дейді Арам.
Оның өмірбаянында тағы бір ерекше жайт бар. Ресми құжаттарында тегі мен әкесінің аты көрсетілмеген, тек есімі ғана жазылған. Арамның айтуынша, ол дүниеге келген кезде дәл осылай тіркелген. Егер толық аты-жөнімен таныстыратын болса, Сайдлер Арам Грейдович деп аталатын еді. Алайда айналасындағылар оны жай ғана Арам деп біледі.
«Алғашында адамдар сенбейді, кейін таңғалып, көбіне бір сұрақ қояды: неге? Әрине, тіркеу кезінде, банк картасын рәсімдегенде немесе электрондық цифрлық қолтаңбаны жаңартқанда қолайсыздықтар болады. Өйткені жүйе тегі мен әкесінің атын енгізуді талап етеді. Бірақ мен көңілімді түсірмей, мұны өзімнің ерекшелігім, тіпті өзіндік бір фишкам деп қабылдауға тырысамын», — дейді ол.
Жас жігіт үшін есім — құжаттағы жай ғана жазу емес, тұлғасының бір бөлігі. Ол адамды лауазымы, кәсібі немесе атақ-дәрежесі арқылы бағалауға болмайтынына сенімді.
«Егер менен кім екенімді сұраса, жетістіктерімді немесе мәртебемді тізбелемеймін. Мұның бәрі өзгеруі мүмкін. Мен жай ғана: «Мен — Араммын», — деп жауап беремін. Бұл есімді маған ата-анам берді. Ал оның қандай мағынаға ие болатыны өзіме байланысты. Ең маңыздысы — қандай адам болатыным және артымда не қалдыратыным», — деп түсіндіреді сұхбаттасушы.
Бала кезінен Арам өзін түрлі бағытта сынап көруге дағдыланған. Өлең жазып, кітап шығаруға талпынған, спортпен айналысқан, тіпті ұшуды үйренуге де тырысқан. Уақыт өте келе қызығушылықтары саналы сипатқа ие болды. Шет тілдері, дебат, жобалар әзірлеу және адамдармен жұмыс істеу оның басты назарындағы бағыттарға айналды. Жазушылықты да тастаған жоқ. Бірнеше кітабы жазылып қойған, алайда әзірге жарық көрмеген.
Арам өзінің өмірлік ұстанымын екі қағидамен тұжырымдайды: «Не істе, не өзгелердің сен үшін істеп жатқанын бақыла» және «Сенің шегіңді кім белгілейді?». Бұл сөздердің артында өзіне деген сенімсіздікті жеңу тәжірибесі жатыр.
«Бұрын не қалайтынымды жиі түсінетінмін, бірақ әрекет етуге әрдайым батылым жете бермейтін. Сәтсіздіктен қорқуым немесе қызықты адаммен бірінші болып сөйлесуге ұялуым мүмкін еді. Уақыт өте келе қорқынышқа үнемі жол берсең, бір күні өз арманыңмен басқа біреудің өмір сүріп жатқанын көруің мүмкін екенін түсіндім. Сондықтан қазір бар күшімді салуға тырысамын. Мен үшін істі бастау ғана емес, оны нәтижеге жеткізу де маңызды», — деп мойындайды жас жігіт.
Оның алғашқы маңызды бастамаларының бірі — ағылшын тілінен сабақ беру болды. Арам 15 жасында тіл үйренгісі келетіндерге тегін сабақ бере бастаған. Жас мұғалім туралы әлеуметтік желідегі парақшада жарияланым шыққаннан кейін, ол түрлі пікір тудырды. Кейбір қолданушылар жасөспірімнің өзгелерге сапалы білім бере алатынына күмән келтірді. Алайда ол сынды өзіне сын-қатер ретінде қабылдап, сүйікті ісін жалғастырды. Бүгінде оның оқытушылық тәжірибесі алты жылдан асады.
«Мен жай ғана біліміммен бөлісіп, адамдарға көмектескім келді. Бірақ жарияланымнан кейін жасымның қаншалықты күмән тудырғанын көрдім. Сол кезде сөз таластырудың орнына, өз мүмкіндігімді нәтижемен дәлелдеуге шешім қабылдадым. Адам өзі сенетін іспен айналысуды бастау үшін айналасындағылардың мақұлдауын күтпеуі керек деп ойлаймын», — деп еске алады Арам.
Ағылшын тілін таңдауы да кездейсоқ емес. Ана тілі ағылшын тілі болғандықтан, ол кейбір оқушылардың жылдар бойы грамматиканы оқығанымен, күнделікті әңгімелесуде қиналатынын байқаған. Өзінің орыс тілін меңгеру тәжірибесі, оның айтуынша, шамамен бір жыл уақыт алған. Бұл оған оқытудың түсінікті әрі тиімді тәсілдерін іздеуге түрткі болды.
Оның қызметіндегі тағы бір маңызды бағыт — дебат. Бір қызығы, кезінде Арамның өзі көпшілік алдында сөйлеуге қорқып, тек үйде немесе интернетте ғана өзін сенімді сезінетін. Осы жағдайды өзгертуді ұйғарып, шешендік өнердің негіздерін өз бетінше зерттеп, жаттыға бастады.
Мектептегі алғашқы дебатқа қатысуы күтпеген жерден сәтті болды. Барлық ережені толық білмесе де, төртінші орын алып, үздік спикер атанды. Кейін колледжде оқып жүргенде қалалық және республикалық турнирлерге белсенді қатысып, бірнеше рет жеңімпаз болды.
Республикалық жарыстардың бірінен кейін Арам ойға қалды: егер өзі қорқынышын жеңіп, нәтижеге қол жеткізе алса, неге өзгелер де солай жасай алмайды? Осылайша ол жастарға дебат үйретіп, тренингтер өткізіп, спикер ретінде сөз сөйлей бастады.
«Дебат — жай ғана жарыс емес. Ол талдауға, дәлел келтіруге, өз ұстанымыңды қорғауға және диалог жүргізуге үйретеді. Көп адамның достарының арасында еркін сөйлесетінін, бірақ бейтаныс аудитория алдында сөз сөйлеу немесе өз идеясын қорғау қажет болғанда абдырап қалатынын байқадым. Оларға осы кедергіні жеңуге көмектескім келді. Осылайша өзіме жақын екі бағытты — шет тілдері мен шешендік өнерді біріктірдім», — дейді Арам.
Сонымен қатар оның сабақтарының басты мақсаты — жылдам жеңістерге уәде беру емес, оқушыларға сапалы білім ұсынып, кездесуі мүмкін қиындықтарды ашық айту.
«Мен адамдарға кезінде өзіме жетіспеген нәрсені — шындықты жеткізгім келеді. Әркім міндетті түрде турнирге қатысады немесе бір жылда тіл үйренеді деп уәде бермеймін. Мен үшін адамға бағыт-бағдар беріп, өз мүмкіндіктерін түсінуге көмектесу және ықтимал кедергілерді көрсету маңызды. Өзім де бір кездері жолын таппай жүрген адам болдым. Сондықтан өзгелерге өз бағытын табуға көмектескім келеді, бірақ олардың орнына өмір сүргім келмейді», — деп атап өтті жас жігіт.
Мұндай жұмыстың нәтижесі қазірдің өзінде байқалып отыр. Бірде Арамға жобасын қорғауға дайындалу үшін көмек қажет болған команда жүгінген. Оның берген кеңестері қатысушыларға көмектесіп, нәтижесінде олар өңірлік байқауда бірінші орынға ие болды.
Арам әсіресе үш шәкіртінің жетістігін мақтан тұтады. Бірі бүгінде халықаралық компаниялармен тікелей жұмыс істейді. Екіншісі сату және брендті дамыту бойынша тренингтер мен шеберлік сабақтарын өткізеді. Ал үшіншісі облыстық дебат чемпионы атанып, қазір өзі жаңа команданы дайындап жүр.
«Оқушыларым біраз уақыт өткен соң хабарласып, жетістіктерін айтып, сабақтар үшін алғыс білдіргенде, еңбегімнің зая кетпегенін түсінемін. Олардың алған білімін тек өздері үшін пайдаланып қана қоймай, өзгелерге де көмектесе бастағанын көру ерекше қуантады. Мен үшін бұл кез келген марапаттан қымбат», — дейді Арам.
Өз бастамаларын жеке жүзеге асыру оңай емес. Ол негізгі кедергілер ретінде қаржылық шектеулерді, іс-шара өткізуге арналған орын іздеуді және ұйымдастыру мәселелерін атайды. Іс-шараларды өткізуге оған пікірлес адамдар мен түрлі ұйымдар көмектеседі. Арам Солтүстік Қазақстан облысының Жастар ресурстық орталығына ерекше алғысын білдіреді. Қазір ол осы орталықта жұмыс істейді және жеке жобаларын жүзеге асыруда қолдау алып отыр.
Өз бастамаларына білім алып, дамуға ниетті кез келген адамды шақыруға дайын. Оның пікірінше, тәжірибенің жоқтығы адамның жаңа нәрсені байқап көруіне кедергі болмауы керек.
«Егер адамның ниеті, идеясы және жұмыс істеуге дайындығы болса, ол бізге қосыла алады. Үлкен тәжірибемен немесе жетістіктермен келу міндетті емес. Барлығын үйренуге болады. Өзім де бәрін нөлден бастадым. Сондықтан өзгелердің де қолынан келмеуі керек деп ойламаймын», — дейді сұхбаттасушы.
Арам қазіргі жастар үшін өз ұстанымын дәлелдей білу, аудитория алдында сенімді сөйлеу және шет тілдерін меңгеру аса маңызды деп есептейді. Бұл дағдылар жеке шекараны қорғауға, жұмысқа орналасу кезінде сұхбаттан сәтті өтуге, жобаларды қорғауға және білім алу мен еңбек жолында жаңа мүмкіндіктерге жол ашуға көмектеседі.
Алдағы уақытта ол ауқымды бастамаларға демеушілер тауып, жастар аудиториясын кеңейтуді және жобаларға қызығушылығы бар адамдарды көбірек тартуды жоспарлап отыр. Жеке амбицияларын да жасырмайды: табыс тапқысы, жаңа бағыттарды меңгергісі және жас кезінде ашылып отырған мүмкіндіктерді пайдаланғысы келеді. Дегенмен басты бағдар ретінде артында игі із қалдыруды көздейді.
«Мені тек миллиардтаған табыс тапқан немесе таңғаларлық дүние жасаған адам ретінде есте сақтағанын қаламаймын. Мен үшін біреуге берілмеуге, өзіне сенуге немесе өз жолын табуға көмектескенімді білу әлдеқайда маңызды. Ол адам менен үлкен бола ма, кіші бола ма, әлде құрдасым бола ма — бәрібір. Егер бір күні біреу менің арқамда маңызды қадам жасауға бел буғанын айтса, онда еңбегімнің зая кетпегені. Мен біреуге туннельдің соңындағы жарық бола алған адам ретінде есте қалғым келеді», — деп түйіндеді Арам.
