Иманғали Татваев: «Жолдаудың басынан аяғына дейін адамға деген қамқорлық сезілді»

Әрбір ауқымды жобаның артында адамдар күнделікті өмірде күтетін өзгерістер тұрады. Олар – лайықты жалақы, сапалы жолдар, қолжетімді баспана және заманауи әлеуметтік нысандар. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында осы мәселелерге ерекше назар аударылғанын қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Иманғали Татваев атап өтті, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.
Сұхбаттасушының айтуынша, Мемлекет басшысының сөзін ерекше толқыныспен тыңдаған. Жетпістен асқан ардагер айтылған бастамалардың көбін жай ғана мемлекеттік жоспар емес, әр буын өкілінің өміріне әсер ететін маңызды мәселелер ретінде қабылдайды.
«Жолдаудың басынан аяғына дейін адамға деген қамқорлық сезілді. Әсіресе ең төменгі жалақыны 85 мыңнан 110 мың теңгеге дейін көтеру туралы ұсыныс мені қызықтырды. 300–400 мың теңге жалақы алатындар үшін бұл айырмашылық онша байқалмауы мүмкін. Алайда табысы төмен қызметкерлер үшін қосымша 25 мың теңге – үлкен қолдау. Бұл шағын қадам болғанымен, адамның өмірін біршама жақсарта алады», – деді Иманғали Татваев.
Оның пікірінше, Астана бағытындағы жол құрылысының аяқталуы да Солтүстік Қазақстан облысы үшін аса маңызды. Ардагер бұл бағытпен бірнеше рет жүріп, проблемалық учаскені жақсы біледі. Сондықтан Президенттің Көлік министрлігі мен жергілікті атқарушы органдарға жұмысты соңына дейін жеткізу жөнінде берген тапсырмасын өте өзекті деп санайды.
Иманғали Татваев келесі жылдың ауқымды құрылыс жылы болып жариялануына да жеке тоқталды. Ардагер Петропавл үшін тұрғын үй мәселесін ерекше маңызды деп есептейді. Оның пікірінше, құрылыс саласының дамуы, соның ішінде әлеуметтік осал санаттағы азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету мәселесін шешуді жеделдетуге мүмкіндік береді.
«Бұл жоспарлар жүзеге асады деп сенгіміз келеді. Қаламыз үшін жаңа тұрғын үйлер – баспана кезегінде ұзақ уақыттан бері тұрған азаматтардың мәселесін шешуге мүмкіндік. Жоспарланған барлық жобалар халыққа нақты пайда әкелгені маңызды», – деп атап өтті Иманғали Татваев.
