Петропавловск
+21°C
Главная страница » ҚР Президентінің Жолдауы » Руслан Әлішев: «Мемлекет басшысының Жолдауы цифрлық шешімдерді енгізіп қана қоймай, олардың салалардағы өнімділік пен тиімділікке әсерін қамтамасыз ету міндетін жүктейді»

Руслан Әлішев: «Мемлекет басшысының Жолдауы цифрлық шешімдерді енгізіп қана қоймай, олардың салалардағы өнімділік пен тиімділікке әсерін қамтамасыз ету міндетін жүктейді»

November 4, 2026 13:22

Цифрландыру мен жасанды интеллект экономиканы жаңғырту құралы ғана емес, еңбек өнімділігін арттырудың, жаңа жұмыс орындарын құрудың және тұрғылықты жеріне қарамастан адамдардың мүмкіндіктерін кеңейтудің негізіне айналуы тиіс. Бұл туралы СҚО әкімі аппаратының басшысы Руслан Әлішев өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетовтің Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауын талқылауға арналған облыс активімен кездесуінде айтты, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.

Мемлекет басшысы цифрлық дамуды елдің стратегиялық басымдықтарының бірі ретінде белгіледі. Солтүстік Қазақстан облысы үшін бұл міндеттер өңірлік цифрлық даму стратегиясын жүзеге асырудағы негізгі бағдарға айналды. Руслан Әлішевтің айтуынша, қазір жекелеген технологияларды енгізуден толыққанды цифрлық экономиканы қалыптастыруға көшу маңызды.

Басты шарттардың бірі – сапалы байланыстың қолжетімділігі. Бүгінде облыстағы 590 елді мекеннің 548-і интернетпен қамтамасыз етілген. Бұл – 92,9 пайыз. «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында 2026–2027 жылдары 264 ауылдық елді мекенге дейін талшықты-оптикалық байланыс желілерін тарту көзделген. Қазірдің өзінде 1 087 шақырым желі төселді. Ал 70 ауылда спутниктік интернет ұйымдастырылған.

Цифрлық технологиялар түрлі салалардың жұмысына біртіндеп енгізіліп келеді. Ауыл шаруашылығындағы шаруашылық жүргізуші құрылымдардың 87 пайызы цифрлық технологияларды қолданады. Нақты егіншілік, спутниктік мониторинг және өндірістік процестерді автоматтандыру тәсілдері енгізілуде. Әлеуметтік салада цифрлық шешімдер балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, педагогтерді қолдауға және медициналық зерттеулерді талдауға көмектеседі. Қоғамдық қауіпсіздік жүйесінде 52 мың бейнебақылау камерасынан тұратын инфрақұрылым пайдаланылады.

Сондай-ақ Петропавл қаласының цифрлық негізін қалыптастыру жоспарланып отыр. Ол инженерлік желілер, жолдар, бейнебақылау және коммуналдық шаруашылық туралы деректерді біріктіреді. Бұл қалалық процестерді талдап, инфрақұрылымды тиімдірек басқаруға мүмкіндік береді.

«Мемлекет басшысының Жолдауы алдымызға келесі деңгейдегі міндетті қойып отыр. Ол – цифрлық шешімдерді енгізіп қана қоймай, олардың салалардағы өнімділік пен тиімділікке әсерін қамтамасыз ету», – деп атап өтті Руслан Әлішев.

Маңызды бағыттардың бірі – аудандық және ауылдық Digital Aimaq IT-орталықтарының желісін дамыту. Бүгінде 16 алаң құрылды. Мұнда тұрғындар бағдарламалау, цифрлық дағдылар және жасанды интеллект негіздерін меңгереді.

Бұл жұмыстың практикалық бағытын Digital Tabys білім беру модулі көрсетеді. Ол ауыл тұрғындарына бизнеске арналған контент жасауды, жергілікті өнімді интернетте ілгерілетуді, маркетплейстермен жұмыс істеуді және кәсіпкерлікте жасанды интеллектті қолдануды үйретеді. Алғашқы оқыту Аққайың ауданының IT-орталығында өтті.

«Негізгі идея – смартфон цифрлық қызметтерді тұтыну құралы ғана емес, тұрғылықты жеріне қарамастан еңбек етуге, кәсіпкерлікпен айналысуға және табыс табуға мүмкіндік беретін қолжетімді құралға айналуы керек», – деді облыс әкімі аппаратының басшысы.

Алдағы уақытта Creato.kz платформасында «Өңірдің цифрлық міндеттер каталогын» іске қосу жоспарланып отыр. Аудандық IT-орталықтар арқылы жергілікті бизнес цифрлық контент жасауға, жарнамаға және тауарларды ілгерілетуге қатысты тапсырыстар орналастыра алады. Жобаға қатысушылар практикалық дағдыларын жетілдіріп, ақылы жұмыс орындауға мүмкіндік алады.

Бұдан бөлек, Digital Aimaq инфрақұрылымын ауыл тауар өндірушілерін қолдау үшін пайдалану мәселесі қарастырылуда. Бұл өнімді ілгерілетуге және өткізу нарықтарын кеңейтуге көмектеседі.

Қорытындылай келе, Руслан Әлішев цифрлық трансформацияның нәтижелілігі салалық басқармалар, аудан әкімдіктері және ведомстволық бағынысты ұйымдардың үйлесімді жұмысына байланысты екенін атап өтті. Басты өлшем – енгізілген технологиялардың саны емес, тұрғындар мен бизнес нақты сезінетін өзгерістер.

Shares