СҚО сауда нүктелерінде Republic Day акциясы өтуде

Республика күніне арналған кең ауқымды Republic Day акциясы Солтүстік Қазақстан облысының сауда орындарын қамтыды. Облыс тұрғындары тауарларды жеңілдікпен, қолжетімді бағамен сатып ала алады, деп хабарлайды QZ News тілшісі.
Republic Day акциясы 24–27 қазан аралығында өтеді. Республика күніне орай бұл бастамаға 19 ірі сауда нүктесі қосылды. Олардың қатарында Петропавл қаласындағы ірі сауда орындары — «Dostyq Mall», «City Mall», «Рахмет», «Айсберг» сауда орталықтары, сондай-ақ «Сокол» және «Пирамида» сауда үйлері бар. Сонымен қатар «Семейный» супермаркеттер желісінің жеті филиалы, «Северный» дүкендерінің төрт және «Aimer» желісінің екі филиалы акцияға қатысты.

25 қазанда «City Mall» сауда орталығында Республика күніне арналған мерекелік концерт өтті. Сауда орталығының холлында Ақан сері атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық филармониясының солистері өнер көрсетті. 15 нөмірден тұрған концерттік бағдарламада Отан мен патриотизмді жырлаған шабытты әндер де, махаббат туралы әсерлі лирикалық туындылар да орындалды. Көрермендер бағдарламаны жылы қабылдап, орындаушылардың кәсібилігіне жоғары баға берді.
Акция күндері облыс орталығының тұрғындары 10-нан 30 пайызға дейінгі жеңілдікпен тауар сатып ала алады. Сауда ассортименті өте кең — азық-түліктен бастап тұрмыстық химияға және киім-кешекке дейін қамтылған. Мұндай шаралар тұтынушылар сұранысын қолдап қана қоймай, ішкі нарықты дамытуға және мерекелік көңіл-күй қалыптастыруға үлес қосады.

Петропавл қаласының тұрғынының бірі жиі «Айсберг» сауда орталығында сауда жасайтынын айтты. Ол жеңілдіктер кезінде отбасына лайық киім-кешекті тиімді бағамен сатып алғанын жеткізді.
– Иә, мен жиі «Айсбергке» барамын. Әдетте азық-түлік аламын. Бірақ «Republic Day» акциясы кезінде киім бөлімін қарап көруді ұйғардым. Ұлыма аяқ киім, өзіме жаңа блузка алдым. Осындай мүмкіндік бергені үшін рақмет, – деді облыс орталығының тұрғыны.

