СҚО соты өкілеттігі жоқ тұлға берген шағымды қанағаттандырудан бас тартты

Солтүстік Қазақстан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі апелляциялық алқасы жеке кәсіпкерді тіркеуден шығару туралы әкімшілік талап арызды қайтару жөніндегі бірінші сатыдағы соттың ұйғарымын күшінде қалдырды, деп хабарлайды QZ NEWS.
Облыстық соттың баспасөз қызметінің мәліметінше, бастапқыда мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сот талап арызды кері қайтарған. Себебі арыз тиісті өкілеттігі жоқ тұлға тарапынан берілген.
«Істің материалдарын зерделей келе, апелляциялық алқа бірінші сатыдағы сот шешімінің заңдылығын растады. Сот талапкердің қойған талабы оның өз құқығы мен заңды мүдделеріне қатысы жоқ екенін, ал талап үшінші тұлғаға – борышкерге қатысты екенін анықтады. Аталған тұлғаға қатысты банкроттық іс қозғалған. Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 138-бабына сәйкес, әкімшілік талап арызды тек өз құқығы мен заңды мүдделері тікелей бұзылған немесе даулы болып отырған тұлға ғана бере алады», – делінген хабарламада.
Нәтижесінде бірінші сатыдағы соттың ұйғарымы өзгеріссіз қалдырылып, жеке шағым қанағаттандырылмады. Ұйғарым заңды күшіне енді.
