№29 мектепте «Жас сақшы» полицейлік сыныбы салтанатты түрде ашылды

«Береке» шағын ауданында орналасқан №29 жалпы білім беретін мектепте Солтүстік Қазақстан облысындағы төртінші полицейлік бағыттағы «Жас сақшы» сыныбы салтанатты түрде ашылды, деп хабарлайды QZ NEWS.
Салтанатты шараға облыс әкімі Гауез Нұрмұхамбетов пен СҚО ПД бастығы Айдын Қабдулдинов қатысып, сыныптың ашылуына бірге қатысты. Іс-шарада жас полицейлермен тұрақты кездесулер өткізіп отыратын полиция саласының ардагерлері де болды.

Ішкі істер министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылып жатқан жоба — тәртіпті, жауапты азаматтарды тәрбиелеуге және құқық қорғау органдарына болашақ кадрлар дайындауға бағытталған.
Облыста қазір үш «Жас сақшы» сыныбы жұмыс істейді: екеуі — Петропавл қаласында, біреуі — Шал Ақын ауданында. Барлығы 7–8 сыныпта оқитын 70 оқушы білім алып жүр.

Енді №29 мектептің 15 оқушысы — 8 ұл және 7 қыз — осы жобаға қосылды. Олар жалпы білім беру бағдарламасымен қатар ІІМ жоғары оқу орындарына түсіруге дайындалады. Сабақты полицияның қызметтегі мамандары — жедел уәкілдер, криминалистер және әкімшілік полиция қызметкерлері жүргізеді. Оқушылар үшін өзін-өзі қорғау сабақтарын қамтитын арнайы дене шынықтыру дайындықтары да қарастырылған.
