Петропавловск
+21°C
Главная страница » Агро » СҚО-да мал терісінен жемшөп қоспасын өндіру зауыты іске қосылды

СҚО-да мал терісінен жемшөп қоспасын өндіру зауыты іске қосылды

Солтүстік Қазақстан облысында ірі қара мен жылқы терісі өңделетін болады. Шикізаттан ақуызы жоғары жемшөп қоспасы өндіріледі. Бұл Қозыбаев университеті мен “СК ПРОТЕИН” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арасындағы бірлескен жұмыстың арқасында мүмкін болды, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.

Бүгінгі таңда қайта өңдеу саласының осы бағыты нашар дамыған, дейді сарапшылар. Елімізде жыл сайын мыңдаған бас мал сойылады, бірақ терінің тек 5% қайта өңделеді. Жаңа әрі бірлескен жоба шикізатты қайта өңдеу мәселесін шешуге көмектеседі. Айтпақшы, оны іске асыруға 350 млн теңге жұмсалады. Грант “Ғылым қоры” АҚ қолдауымен 26 ай мерзімге берілді.

Бөлінген қаражат қолданыстағы жабдықтарды жетілдіруге, сол арқылы өндірістік қуатты ұлғайтуға бағытталады. Жыл сайын жоба аясында 7 мың тоннаға дейін жемшөп қоспасын өндіру жоспарлануда. Жобаны түпкілікті нәтижеге дейін іске асыру шамамен 5 жылға созылады.

 “Жұмысымыз бір ай бұрын басталғанына қарамастан, жоба қазірдің өзінде жоғары тиімділікті көрсетіп отыр. Бұл “Ғылым қорын” қуантады. Мен менеджер ретінде грант алушыдан жоғары нәтиже, биік белеске шығуды күтемін. Біз үшін ең бастысы – жоспардың орындалуы. Көзделген өнім үлкен нарыққа шыққанын бәріміз қалаймыз”, – деп атап өтті  “Ғылым қоры” АҚ коммерцияландыру менеджері Әлия Тәжиева.

 

Shares