Петропавловск
+21°C
Главная страница » Қазақстан » Жер сілкінісі. Алматылықтар өткен түнді қалай өткізді?

Жер сілкінісі. Алматылықтар өткен түнді қалай өткізді?

23 қаңтарға қараған түні алматылықтар жер сілкінісін сезді. Адамдар үйін тастап кетуге асықты. Кейбіреулер жалаңаяқ және сырт киімсіз жүгіріп шыққан. Қаладан шығатын жолдарда көлік кептелісі, жанармай құю бекеттерінде кезек пайда болды. Тағы жер асты дүмпулері болады деп қорыққан тұрғындар қаладан кетуге асықты, деп хабарлайды QZ Media тілшісі Tengrinews.kz сілтеме жасап.

Алматы тұрғындары алғашқы дүмпулерді түн ортасы шамасында сезді. Алматылықтардың смартфондарындағы хабарландыру қызметі жер сілкінісінің шамамен магнитудасы 6,2 болғанын хабарлады. Адамдар асығыс далаға шықты. Кейбіреулер тек сырт киім киіп үлгерген. Сырт киімсіз қашуға мәжбүр болғандар да бар. Пәтерден чемодандарын алып шыққандар да болды. Полицейлер алматылықтарды үйлерінен шығарда есікті құлыптап кетуге шақырды.

Алматыда болған жер сілкінісі салдарынан сегіз адамның зардап шеккені туралы хабарланды. Олардың барлығы үйден шығып бара жатқанда немесе терезеден секіруге байланысты жарақат алған. Барлығы қаланың ауруханаларына жеткізілді.

“Тұрғын үйлердің 2-ші және 3-ші қабаттарынан секіруге байланысты үш адам жарақат алды. Тексеруден кейін зардап шеккен екі адам амбулаториялық емделуге жіберілді. Үшінші науқастың жағдайы ауыр деп бағаланады, ол ауруханаға жатқызылды. Сонымен қатар, үйден жүгіріп шыққан бес адам жарақат алды. Барлық қажетті медициналық көмек көрсетілгеннен кейін олар да амбулаториялық емделуге жіберілді”, – деп хабарлады Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасы.

Алматы Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі “ННЦСН и И” ЖШС сейсмикалық станциялар желісі 23 қаңтарда Алматы уақыты бойынша сағат 00:09-да жер сілкінісін тіркеді.

“Жер сілкінісінің ошағы Алматыдан оңтүстік-шығысқа қарай 264 шақырымда – Қырғызстан аумағында орналасқан. Жер сілкінісінің энергетикалық класы – 15,1. Магнитудасы MPV – 6,7. Тереңдігі – 65 шақырым. Сезілгені туралы ақпарат (MSK-64 шкаласы бойынша): Алматы – 5 балл, Шымкент – 2 балл”, – делінген хабарламада.

Көшелерде көлік кептелісі, жанармай құю бекеттерінде кезек пайда болды. Ал қаладан шығуды көздегендерде есеп болмады. Көпқабатты үйлердің тұрғындары пәтерге кіруге қорықты. Адамдар жеке үйлерде тұратын туыстарына немесе достарына баруға тырысты. Сондай-ақ, алматылықтар баспанасыз қалған халықты қабылдау пункттеріне барды.

Қоса кету керек, қаланың кейбір тұрғындары барлық пункттер ашық емес екенін немесе оларды күзетшілер кіргізбегенін айтып шағымданды.

Қазіргі уақытта мегаполистегі жағдай тұрақты және бақылауда екені белгілі. Алматы ПД бөлімшелері қызмет атқарудың күшейтілген нұсқасына ауыстырылды.

Shares