Петропавловск
+21°C
Главная страница » Спорт » СҚО-да грек-рим күресінен турнир ұйымдастырылды

СҚО-да грек-рим күресінен турнир ұйымдастырылды

Бескөл ауылында грек-рим күресінен балалар мен жасөспірімдер арасында ашық облыстық турнир өтті. Турнирді «Динамо» дене шынықтыру-спорт қоғамының Солтүстік Қазақстан облыстық филиалы мен Қызылжар аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі ұйымдастырды, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.

«Динамо» қоғамының Солтүстік Қазақстан облыстық филиалы грек-рим күресі секциясына қолдау жасайды. Жүйелі түрде жаттығып жүрген жас спортшылар жақын болашақта өз өмірлерін Отан қорғауға, оның ішінде полиция қатарында қызмет етуге арнауды жоспарлап отыр.

Турнир екінші жыл қатарынан өткізілуде. Ашылу салтанатында қатысушыларды «Динамо» ДШСҚ облыстық филиалының бірінші орынбасары Талғат Тұғынбаев пен аты аңызға айналған динамошы, қазақ күресінен Қазақ КСР-нің спорт шебері, Петропавл қаласының құрметті азаматы Бауыржан Құлжанов құттықтады.

Додада тәжірибелі төрешілердің бақылауымен 9 бен 15 жас аралығындағы 35 пен 65 келі және одан жоғары салмақ дәрежесіндегі Петропавл қаласы мен облыс аудандарының 60-тан астам палуаны сынға түсті.

Көп ұзамай қорытынды белгілі болды. Әмір Мәліков, Камиль Суфиянов, Ілияс Бөлегенов, Ерсайын Ерасыл, Денис Глущенко, Жәнібек Сайпиев, Евгений Кузовкин, Роман Стеценко өз салмақ дәрежелерінде жеңімпаз атанды. Турнир жүлдегерлері медаль және мақтау қағаздарымен, ал жеңімпаздар ДШСҚ-ның бағалы сыйлықтарымен марапатталды.

Келесі жылы балалар мен жасөспірімдер арасында грек-рим күресінен тағы да облыстық турнир өтеді. Жарыс «Динамо» дене шынықтыру-спорт қоғамының 100 жылдық мерейтойына арналмақ.

Shares