Петропавловск
+21°C
Главная страница » Қазақстан » Жәрдемақы-2024: әлеуметтік төлемдердің көлемі белгілі болды

Жәрдемақы-2024: әлеуметтік төлемдердің көлемі белгілі болды

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі (ЕХӘҚМ) көпбалалы отбасылар, мүгедек адамдар және асыраушысынан айрылған жандар алатын жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдердің көлемін жариялады, деп хабарлайды QZ Media тілшісі Zakon.kz. сілтеме жасап.

Көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы 2023 жылы көпбалалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақымен орта есеппен 543,3 мың отбасы жалпы сомасы 413,3 млрд теңге мөлшерінде қамтылды, оның ішінде желтоқсан айында 570,5 мың отбасына 36,6 млрд теңге мөлшерінде жәрдемақы төленді.

Бұл мемлекеттік жәрдемақыға 4 және одан да көп бірге тұратын кәмелетке толмаған немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын студент балалары бар отбасылар табысына қарамастан үміткер бола алады.

Төлем мөлшері бала санына қарай есептеліп төленеді және 2024 жылы:

  • 4 баласы бар отбасыларға – 16,03 АЕК немесе 59 183 теңге;
  • 5 балаға – 20,04 АЕК немесе 73 988 теңге;
  • 6 балаға – 24,05 АЕК немесе 88 793 теңге;
  • 7 балаға – 28,06 АЕК немесе 103 598 теңге;
  • 8 және одан да көп баласы бар отбасыларға – әр балаға 4 АЕК немесе 14 768 теңге мөлшерінде төленеді.

“2024 жылғы 1 қаңтардан бастап балалы отбасыларға тағайындалатын мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері 7%-ға артқанын атап өтеміз”, – деп хабарлады ЕХӘҚМ баспасөз қызметі.

Биыл елімізде көпбалалы отбасыларға мемлекеттік жәрдемақы төлеуге 474,8 млрд теңге қарастырылған. Мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақы мен әлеуметтік төлемдер

2023 жылы мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларды (бұдан әрі – МӘЖ) төлеуге республикалық бюджеттен шамамен 528,1 млрд теңге жұмсалды. Бұған қосымша Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (бұдан әрі – МӘСҚ) еңбекке қабілеттілігінен айырылу және асыраушысынан айырылу бойынша шамамен 65,5 млрд теңге сомасына әлеуметтік төлемдер төленді.

“2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша мүгедектігі бойынша МӘЖ алушылар саны шамамен 545,5 мың адамды, ал асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша шамамен 192 мың адамды құрады”,- делінген хабарламада.

Мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері мүгедектіктің тобына және себебіне, сондай-ақ тиісті қаржы жылына арналған «Республикалық бюджет туралы» заңда белгіленген ең төмен күнкөріс деңгейінің шамасына байланысты болады.

Асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері қайтыс болған (қаза болған) асыраушының асырауындағы адамдардың санына, қайтыс болу себептеріне және ең төмен күнкөріс деңгейіне байланысты болады.

Бұдан басқа, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға әлеуметтік тәуекелдер туындаған жағдайда МӘСҚ-тен әлеуметтік төлемдер төленеді. Мәселен, 2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 100,2 мың адам еңбекке қабілеттіліктен айырылу бойынша әлеуметтік төлем, ал асыраушысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлемді шамамен 64,3 мың отбасы алды.

Төлемдердің мөлшері жеке болады және мыналарға байланысты:соңғы 2 жылдағы МӘСҚ-қа әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық табыс, еңбекке қабілеттілігінен айырылу коэффициенттері, асырауындағы адамдар саны, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтілі және табысты ауыстыру.

Бұл төлемдер республикалық бюджеттен төленетін ұқсас жәрдемақыларға қосымша жүзеге асырылады.

2024 жылғы 1 қаңтардан бастап мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінің ұлғаюына байланысты 7 %-ға өсті. ҚР Үкіметінің шешімі бойынша еңбекке қабілеттілігінен айырылу және асыраушысынан айырылу бойынша МӘСҚ-тен төленетін төлемдердің мөлшері де 7 %-ға арттырылды.

Мәселен, жалпы аурудан мүгедектігі бойынша МӘЖ биылғы мөлшері:

  • 1-топ – 95 496 теңге,
  • 2-топ – 76 397 теңге,
  • 3-топ – 52 089 теңге.

2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша МӘСҚ-дан төленетін әлеуметтік төлемдердің орташа мөлшері:

  • еңбекке қабілеттілігінен айырылу бойынша – 47 445 теңге,
  • асыраушысынан айырылу бойынша – 51 574 теңге,

2024 жылы республикалық бюджетте мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларды жүзеге асыруға 633,2 млрд теңге, оның ішінде мүгедектігі бойынша – 487,4 млрд теңге, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша – 145,8 млрд теңге жоспарланды. МӘСҚ-дан төлемдерге бағалау бойынша: асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша – 34,1 млрд теңге, еңбекке қабілеттілігінен айырылу бойынша – 49,6 млрд теңге көзделген.

 

 

 

 

 

Shares