2024 жылы СҚО-да егіс алаңы 4,5 млн гектарды құрайды
Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мәліметінше, дәнді дақылдарға 3,4 млн га, майлы дақылдарға 751 мың га бөлу жоспарлануда, сонымен қатар жемшөпке 379 мың га бөлінеді, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.
Алдағы көктемгі егістік кезінде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қарақұмық алқабы 26 мың гектарға дейін ұлғайтылады және ұйымдасқан шаруашылықтарда картоп дақылдарының ауданы 7,7 мың гектарға дейін жеткізіледі.
“Мемлекет көктемгі дала жұмыстарын уақтылы жүргізу үшін жыл сайын арзандатылған дизель отынын бөледі. Өткен жылдан бастап өтінімдер gosagro.kz порталы арқылы қабылданады. Ағымдағы жылы 1446 шаруашылықтан өтінімдер қабылданды, олардың барлығы базамызда. Жеңілдетілген отынды жеткізу бойынша 10 оператор анықталды, бір литрдің бағасы 250 теңгені құрайды”, – деді СҚО ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Мейрам Меңдібаев.
Ағымдағы жылдың егіс науқанына 13 мыңға жуық түрлі модификациядағы трактор, 14 мың астық сепкіш, 1,5 мың қазіргі заманғы егіс кешені қатысады. Бүгінгі таңда техниканың дайындығы 89% құрайды. СҚО минералды тыңайтқыштарды енгізу бойынша көшбасшы болып табылады. Биыл диқандар шамамен 3 млн га алқапқа 256 мың тонна көлемінде тыңайтқыш сіңіруді жоспарлап отыр.
“Бұл норманы 2028 жылға дейін 506 мың тоннаға дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз. Жыл сайын нормалар қаулысы жаңартылады, субсидияланатын минералды тыңайтқыштардың тізбесі айқындалады. Жыл қалай келді, біз солай бұл жұмысты бастадық, 4 қаулы қабылданды, біреуі субсидия беруде үзіліс болмас үшін жұмыс жүргізіліп жатыр. Біз қолдауқаржыны ақпан айының басынан бастап бере бастадық. Ағымдағы айда субсидиялар беру жоспарында шамамен 7 млрд теңге бар”, – деді Мейрам Меңдібаев.
Облыста суармалы ауыл шаруашылығы жерлерінің ауданын биыл 5,4 мың гектарға дейін жеткізу жоспарлануда. Ал 2030 жылға қарай мұндай жерлердің ауданы 18 мың гектарға жетуі тиіс.