Петропавловск
+21°C
Главная страница » Қазақстан » Қазақстанда мобильді аударымдар қайта қаралады

Қазақстанда мобильді аударымдар қайта қаралады

1 қаңтардан бастап Қазақстандағы салық органдары салық төлеуден жалтарған кәсіпкерлерді анықтау үшін қазақстандықтардың мобильді аударымдарын қадағалай бастады. Жаңашылдық алдағы уақытта Үкіметте қайта қаралмақ, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.

“Мәселе өзекті. Сондықтан менде бұл мәселені тағы бір рет қарау туралы тапсырма бар, біз бұл жайтты қаржы-экономикалық блокта тағы бір мәрте қарастырамыз. Тағы да егжей-тегжейлі тетіктерді, сындарды талқылаймыз. Біз бұл мәселеге міндетті түрде ораламыз”, – деді вице-премьер – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында.

Қаржы министрі Мәди Тәкиев әріптесінің бұл мәлімдемесін жалғастырлы. Ол салық төлеу – әр азаматтың міндеті екенін атап өтті. Мобильді аударымдар кез келген жағдайда тексеріледі. Жаңа Салық кодексінің жобасы әртүрлі санаттарға арналған салық режимдерін талқылайды, сондықтан олар қолайлы, қарапайым және қоғамдық көңіл-күйдің нашарлауына әкелмейді.

“Бізде құқықтық мемлекет, әділ мемлекет бар, дұрыс па? Сіз бен біз осы заңдарды ұстануымыз керек. Біреу төлейді, біреу төлемейді. Әділдік болуы керек. Сондықтан бәрі төлеуі керек. Бірақ, әрине, табыс мөлшерінен төлеу. Сондықтан біз қазір әртүрлі режимдерді көріп отырмыз. Біз осы режимдерде жұмыс істеуді қарастырамыз”, – деп қосты ол.

Қазіргі уақытта мемлекет барлық мобильді аударымдарды тексермейді. Тексеруге үш ай ішінде ай сайын 100 және одан да көп түрлі тұлғадан мобильді аударым алған тұлғалар жатады. Яғни, кәсіпкерлік қызмет белгілері болған жағдайда тексеру жүзеге асады.

Сонымен қатар, жеке тұлғалар бұрынғыдай өздерінің жеке мақсаттары үшін: туыстарына, достарына, ата-аналарына және балаларына және басқа да өмірлік жағдайларға байланысты мобильді аударымдар жасай алады және қабылдай алады. Осыған қатысты ешқандай шектеулер жоқ.

 

Shares