Петропавловск
+21°C
Главная страница » Спорт » Петропавлдық “Қуаныш” ВК клубтық әлем чемпионатына жолдама алуы мүмкін

Петропавлдық “Қуаныш” ВК клубтық әлем чемпионатына жолдама алуы мүмкін

Петропавлда волейболдан әйелдер командалары арасындағы Ұлттық лиганың 32-ші чемпионаты аясында IV тур ойындары өтуде, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.

Жарысқа 9 команда қатысып жатыр. Бұл – тұрақты чемпионаттың соңғы туры.

“Жарыстың нәтижелері бойынша аутсайдер команда анықталады, ол турнирден шығады. Келесі сайыс – 12-20 наурыз аралығында Түркістанда өтетін плей-офф. Сол дода чемпионаттың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін анықтайды. Турнирдегі үздіктер әлі анық емес, төменгі бөлігінде Жетісу облысынан, Өскеменнен, Қарағандыдан келген үш команда өз орындарын сақтап қалу үшін күресуде. Жергілікті “Қуаныш” командасы екі ойында жеңіске жетуі керек, сонда бірінші орында қалады. Ал қалған төрт команда 2, 3, 4 және 5 орынға таласады”, – деді Қазақстан волейбол федерациясының бас хатшысы, турнирдің бас төрешісі Ермек Сырлыбаев.

Бүгін екі өте маңызды ойын күтілуде, деді бас төреші. Бұл – “Алматы” және “Жетісу”, сонымен қатар “Тұран” мен фаворит “Қуаныш” арасындағы ойын. Бұлар медаль үшін күреседі деп болжануда.

“Біз “Қуаныш” командасын мұқият қадағалайтын боламыз. Өйткені, ұжым сәуір айында Азия чемпионатына Қазақстанның атынан қатысады. Бұл – клубтық әлем чемпионатына ресми іріктеу. Сондықтан клуб директоры екеуміз осы тақырыпта облыс басшылығымен сөйлестік. Біз командаларды ұлттық құраманың ойыншыларымен күшейтіп, мықты құрамға қол жеткізіп, клубтық әлем чемпионатына жолдама алғымыз келеді”, – деді турнирдің бас төрешісі Ермек Сырлыбаев.

“Тұран – жақсы команда. Біз жаңа ғана жиналыстан келдік, ойынға тактикалық тұрғыда дайындалдық, сараладық. Бұған дейін олармен қиын матчтар өткізген едік, қуанышымызға орай, басым бөлігінде жеңіске жеттік. Бүгін де жеңіске жетеміз деп үміттенеміз”, – деді “Қуаныш” ВК капитаны.

Петропавлда волейболдан әйелдер командалары арасындағы Ұлттық лиганың 32-ші чемпионаты аясындағы IV тур ойындары 6 күнге созылады.

 

Shares