Петропавловск
+21°C
Главная страница » Спорт » Қызылжарлықтар “Солтүстік-2024” додасында чемпион атанды

Қызылжарлықтар “Солтүстік-2024” додасында чемпион атанды

Солтүстік Қазақстан облысында “Солтүстік-2024” қысқы спорт мерекесі аяқталды, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.

“Солтүстік-2024” облыстық қысқы спорт мерекесі финалының салтанатты басталуы 23 ақпанда Бескөл ауылында өтті. Сайысқа барлық он үш ауданның командасы қатысты. Олар спорттың сегіз түрі бойынша бақ сынады

Мәселен, 16-18 ақпан аралығында Петропавлда керлингтен облыс чемпионаты және конькимен жүгіруден жарыс ұйымдастырылды. Бұған дейін ринк-бенди (допты хоккей), қысқы президенттік көпсайыс және шайбалы хоккейден аймақтық ойындар бойынша бәсеке болды.

Ал артта қалған аптаның соңында Бескөл ауылында мерекенің финалы өтті, онда шайбалы хоккей, футзал, шаңғы жарысы және шорт-трек бойынша ең мықтылар анықталды.

“Қысқы спартакиаданың барлық сегіз түрінің қорытындысы бойынша қызылжарлықтар “Солтүстік-2024″ чемпионы атанды. Екінші орынды Ғабит Мүсірепов атындағы аудан командасы иеленді. Ал Шал ақын ауданы командасы қоланы қанағат тұтты”, – деп хабарлады СҚО дене шынықтыру және спорт басқармасы.

Кубоктар мен дипломдардан бөлек, жеңімпаз команда мен жүлдегерлер иеленген орындарына сәйкес, 500, 300 және 200 мың теңге көлемінде ақшалай сертификаттар алды. Қызылжарлықтар облыстық қысқы спорт мерекесінің туын келесі қыста “Солтүстік-2025” өтетін Ақжар ауданына тапсырды.

Shares