Петропавловск
+21°C
Главная страница » Спорт » Ербол Хамитов – Әлем чемпионатының күміс жүлдегері

Ербол Хамитов – Әлем чемпионатының күміс жүлдегері

Солтүстікқазақстандық спортшы Ербол Хамитов Канаданың Принс – Джордж қалашығында өткен парабиатлоннан әлем чемпионатында күміс медаль жеңіп алды, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі. Спортшы өзінің нәтижесі жайлы Инстаграмдағы жеке аккаунтында жазды.

Жарыстың бірінші күні 7.5 км-де бақ сынаған Ербол Хамитов психологиялық тұрғыда сүрініп, ату кезінде екі бірдей қателік жіберіп алғанын жазды.

“8 орын. Жаттығуда бәрі жақсы болған еді. Доданың екінші күні 12.5 шақырымдық жеке жарыс болды. Мұнда әр қателік үшін бір минут қосылады. Мен ату кезінде иықпен және саусақпен артық қимылдап, тағы екі қателік жібердім. 5 орын. Жеңіс тұғырына шығуға сәл жетпей қалды. Мен өз қателіктерімді мойындаймын, сайысқа психологиялық тұрғыда әзір болмадым”, – деп жазды спортшы.

Ал спринт-қудалау жарысында Ербол мәре сызығын екінші болып кесті.

“Бірінші болдым, бастапқыда нысаналарды дәл көздедім, шешуші ату кезінде екі рет сүріндім, 2 орын бұйырды. Өкінішке қарай, біз Әлем кубогы кезеңінің финалына қалмаймыз…. Маған жанкүйер болған адамдарға, жақындарыма шын жүректен алғыс білдіремін”, – деп жазды Ербол Хамитов.

Бұл жарысқа Александр Герлиц те қатысты, іріктеуден кейін ол үшінші орында тұрды. Өкінішке қарай, соңғы ату кезінде жерлесіміз екі қателік жіберіп, төртінші орынға тұйықтады.

 

Shares