СҚО-да диқандар дизель отынын жеңілдетілген бағамен сатып алуда
СҚО-да егіс науқанына дайындық жалғасуда. Шаруашылықтардың біразы сәуір айының соңына дейін ылғалды жабуды жоспарлап отыр. Біздің аймақтың болжанбайтын климатына байланысты егіс жұмыстарының басталуына ертерек қамдану керек. Қазір диқандар дизель отынын жеңілдетілген бағамен — литрін 250 теңгеге сатып алуда, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.
“Бүгінгі таңда нарықтағы көтерме баға – 280 теңге және одан да жоғары. Бұл ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін маңызды көмек деп санаймын. Дизель отынының алғашқы партиялары келіп түсуде, шамамен 2 мың тонна келді, қазір біз қабылдаумен айналысудамыз, сонымен қатар дизель отынын өтінім берген жандарға босатудамыз. Бұл бағдарлама 4 айға есептелген: ақпан, наурыз, сәуір, мамыр. Ал шілде айында күзгі дала жұмыстарына отын жеткіземіз”, – деді “Эталон Регион” ЖШС директоры Мәден Жұмағұлов
“Эталон Регинон” ЖШС 10 жылдан астам уақыт бойы ауыл шаруашылығы қызметкерлеріне арзандатылған дизельді жеткізіп келеді. Петропавлға сұйықтық темір жолдармен Павлодар және Атырау мұнай өңдеу зауыттарынан келеді. Сосын жанармай бүкіл аймаққа, яғни облыстағы бекеттерге жөнелтіледі. Қажет болған жағдайда шаруашылықтар ЖЖМ жеткізуді ресімдейді немесе оны өз бетінше әкетеді.
“Өткен жылдың соңында біз портал арқылы жеңілдетілген дизель отынын алуға өтінім бердік, бүгінгі күні оны әкете бастадық, егіс жұмыстарына белсенді дайындалып жатырмыз. 150 тоннаға жуық дизель отынына өтінім берілген еді. Біз негізінен жемшөп дақылдарын егеміз, бізде ТСФ бар”, – деді Қызылжар ауданындағы “Қызылжар Сүт” ЖШС басшысы Олжас Бектасов.
“Авион Норд” ЖШС көктемгі егіс жұмыстары үшін облыстағы серіктестіктерге 6,5 мың тоннадан астам арзандатылған дизель отынын жөнелтуді жоспарлап отыр.
“Жөнелту бойынша проблемалар жоқ, біз шамамен 1000 тонна алдық. Gosagro.kz жүйесі арқылы жұмыс істейміз. Ол онлайн режимінде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерден өтінімдер алуға мүмкіндік береді, жаңашылдық арқылы біз егіс алқаптары мен тоннажды бірден көреміз”, – деді “Авион Норд” ЖШС коммерциялық директоры Дәурен Базылбеков
Фермерлер жыл сайын арзандатылған ЖЖМ түрінде көмек алады. Қазіргі таңда облыс арзандатылған бағамен сатылатын 53 мың тоннадан астам дизель отынын алды.