Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » Қазақстанда үй жануарларынa чип салу міндетті болады

Қазақстанда үй жануарларынa чип салу міндетті болады

Ел билігі 1 қыркүйектен бастап иттер мен мысықтарды міндетті түрде тіркеу және чиптеуді енгізеді. Бұл туралы ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз қызметі хабарлады, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.

Жыл өткен сайын Петропавл көшелері мен өзге де жерлерде қаңғыбас мысықтар мен иттер көбейіп барады.  Біріншілері айналаға қауіп төндірмесе, екіншісі агрессия танытуы мүмкін. Үйсіз жануарлардың көбеюіне әртүрлі факторлар әсер етеді. Көп жағдайда адамдар үй жануарларын көшеге қаңғытып жібереді екен.

Қазір облыс орталығында осындай жағдай орын алып отыр. Қала тұрғындары жер үйлерден көпқабатты үйлерге көшуде. Көбісі төрт аяқтыларды өзімен бірге алып кете алмайды. Осылайша жануарлар далада қалады. Мұнын алдын алу мақсатында 1 қыркүйектен бастап Қазақстанда үй жануарларын міндетті тіркеу туралы заң күшіне енеді.

«Үй жануарларын есепке алуды әкімдіктер жанынан құрылған мемлекеттік ветеринариялық ұйымдар жүргізеді. Оны ветеринария саласында емдеу-профилактикалық қызметпен айналысатын жеке кәсіпкерлер, жеке тұлғалар және үкіметтік емес ұйымдар да жүзеге асыра алады. Жануардың иесі немесе жауапты адам есепке алу құралдарын өзі таңдайды. Оның ішінде болюс, чип және басқа да жабдықтар бар», – деп хабарлады министрлік.

Мысық немесе ит иесі тиісті талапты орындамаса, оған 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 34 500 теңге айыппұл салынуы мүмкін. Бұзушылық қайталанса, айыппұл мөлшері екі есеге ұлғаяды. Мұндай тәртіп бұзушыларды анықтау учаскелік инспекторларға жүктелген.

 

Shares