Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » 2-ЖЭО-да мұржа құрылысы тоқтатылды: бәріне себеп – қисайған қабырға

2-ЖЭО-да мұржа құрылысы тоқтатылды: бәріне себеп – қисайған қабырға

Петропавлдықтардың қуанышы көпке созылмады. 2-ЖЭО-да салынып жатқан жаңа мұржаға қатысты мәселе туындады, деп хабарлайды QZ MEDIA тілшісі.

2-ЖЭО-ға қатысты тағы бір мәселе облыс орталығының тұрғындарын алаңдатып отыр. Құрылыс кезінде салынып жатқан жаңа мұржа қисайып бара жатқаны белгілі болды. Қала тұрғындары мұржаны «Пиза мұнарасы» деп атауда. Ал әлеуметтік желі қолданушылары түрліше сынауда:

«Мені құрылысшылар таң қалдырды. Бүкіл жүйе, барлық сала қалай жұмыс істеу керектігін ұмытты», – деп жазады әлеуметтік желі қолданушысы.

«Джамшут пен Равшан салып жатыр».

«Сәл қисайып кетті, ақша жетпейді, тарифтерді әлі де көтеру керек».

«Севказэнерго» АҚ-ның мәліметінше, жаңа мұржаның құрылысы кезінде орындалған құрылыс-монтаж жұмыстарының сапасын қадағалауды қамтамасыз ететін 8 жауапты қызметкер құбыр осінің жобалық қалыптан ауытқуын анықтаған.

«Бұл нысанның құрылысын жүргізетін мердігер – «ҚазтеплоСПЕЦСТРОЙ» ЖШС. Құбыр құрылысы бойынша жұмыс бірден тоқтатылды. Нысанды тексеру нәтижесінде конустық сырғанау қалыптарында ақау табылды. Бұл кейіннен осьтен ауытқуға әсер етті», – деп хабарлады кәсіпорындағылар.

Қазіргі уақытта жобалау ұйымы құбыр білігінің рұқсат етілген биіктігін анықтау үшін тиісті есептеулерді жүргізуде. Биіктік белгісі анықталғаннан кейін демонтаждау жұмыстары жүргізіледі. Әрі қарай қауіпсіздіктің барлық стандарттары мен талаптарын сақтай отырып, мұржа құрылысы бойынша жұмыстар қысқа мерзімде қайта басталады», – деп атап өтті компания өкілдері.

Жауаптан гөрі сұрақ көп. Басты сұрақ – жауапты ұйым бұдан кейін құбырды ақаусыз салып, уақытында тапсырады ма?

Shares