Н. Погодин атындағы орыс драма театрында аты аңызға айналған “Боинг-Боинг” комедиясы сахналанды
Петропавлдағы Н. Погодин атындағы облыстық орыс драма театры көрермендердің назарына жаңа қойылым – Марк Камолеттидің “Боинг-Боинг” атты француз комедиясын ұсынды, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.
Қойылымның негізін қалаған аттас француз пьесасы әлемдегі ең жиі орындалатын шығарма ретінде “Гиннестің рекордтар кітабына” енді. Оны Н. Погодин атындағы драма театрдың сахнасында ұсынған – режиссер Тимур Кәрімжанов.
“Комедия бір айда қойылды. Біздің көрерменге өте ұнайды деп ойлаймын. Көктем келді, мұндай спектакль қазір өте орынды. Адамдар жылулық, позитивтілік, күлкі алғысы келеді”, – деді Н. Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының қоюшы-режиссері Тимур Кәрімжанов.
Сюжет бойынша Бернард есімді жігіт – басты кейіпкер. Ол өзіне толық риза болып жүреді. Кезек-кезек үш стюардесса қалыңдықпен кездеседі. Алайда, үш ханымның бір уақытта келуі қалыптасқан түсінікті бұзады. Бұл жайт көптеген күлкілі сәттерді тудырады.
“Мен Мишель есімді стюардессаны ойнаймын, ол – белсенді, көңілді қыз. Менің ойымша, тамаша құрам өнер көрсетті. Дайындық тез әрі оңай жүрді”, – деді актриса Оксана Розанова.
Шара аясында СҚО мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының м.а. Санат Әубәкіров жиналғандардың барлығын Халықаралық театр күнімен және премьерамен құттықтады. Ол театрға ақшалай сертификат табыстады. Театр қызметкерлері марапаттарға ие болды. Облыстық мәдениет қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Гүлнәр Қасымова директордың көрерменді ұйымдастыру жөніндегі орынбасары Ирина Щеголеваны және мұражай меңгерушісі Людмила Лошакованы “Еңбек Даңқы” орденімен марапаттады. Республикалық кәсіподақ грамоталарын монтаждау цехының меңгерушісі Олег Кондрашин мен билет бақылаушысы Галина Казеева алды.