Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » Петропавл қаласының әкімі құрылысшыларды кәсіби мерекемен құттықтады

Петропавл қаласының әкімі құрылысшыларды кәсіби мерекемен құттықтады

Қазақстанда құрылыс саласы қызметкерлерінің күні аталып өтілуде. Кәсіби мереке жыл сайын тамыз айының екінші жексенбісінде тойланады, деп хабарлайды QZ MEDIA тілшісі.

Облыс орталығында құрылыс қарқынды жүріп жатқанына алғашқы жыл емес. Жыл сайын әлеуметтік маңызы бар нысандар пайдалануға беріліп, жолдар салынуда. Қала дамуының басты көрсеткіштерінің бірі – тұрғын үй құрылысы. «Жас өркен», «Орталық», «Береке», «Қопай» шағын аудандары Петропавл қаласын дамытудың негізгі бағыттары болып қала береді.

Петропавл қаласының әкімі Серік Мұхамедиев облыс орталығының құрылысшыларын мерекемен құттықтады.

«Құрметті әріптестер! Құрметті құрылысшылар! Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз – құрылысшылар күнімен құттықтаймын. Бой көтерген және қазір салынып жатқан жаңа мектептер, емханалар мен ауруханалар, спорт және мәдениет нысандары, көпқабатты үйлер – бұның барлығы сіздердің еңбектеріңіздің жемісі. Әрбір сылақшы, тас қалаушы, дәнекерлеуші, монтаж жасаушының қаламыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосып жатқан үлесі өлшеусіз. Еңбектеріңіздің – жүгі ауыр, маңызы зор. Жылдан-жылға бізде құрылыс саласы дамып келеді. Біртіндеп құрылыс материалдарын шығаратын өндіріс ошақтарының қатары артуда. Ендігі мақсат – саладағы кадр тапшылығы мәселесін шешу», – деп жазды әлеуметтік желіде Серік Мұхамедиев.

Сонымен қатар, шаһар басшысы өзінің осы жауапты әрі жасампаз саланың өкілі екенін атап өтті.

«Мен де құрылыс саласының өкілімін. Сондықтан, мамандықтың қызығы мен шыжығын жақсы білемін. Жаздың ыстығы, күннің суығына қарамастан істейтін жұмыстарыңыз үшін алғыс білдіремін. Төл мерекелеріңізде Сіздерге денсаулық, отбасыларыңызға амандық, жұмыстарыңызға табыс тілеймін», – деп құттықтады қала әкімі.

Айта кетерлігі, жыл соңына дейін 185,0 мың текше метр пайдалануға беріледі деп жоспарлануда: 6 бюджеттік үй, 2 жатақхана, 14 коммерциялық үй. Бүгінгі таңда 50,2 мың текше метр берілді. Бұл – 8 коммерциялық үй және 160 жеке тұрғын үй.

Shares