Петропавловск
+21°C
Главная страница » CҚО » Айыртау ауданында иіс тиіп уланған бес балаға реаниматологтардың көмегі қажет болды

Айыртау ауданында иіс тиіп уланған бес балаға реаниматологтардың көмегі қажет болды

Естеріңізге сала кетейік, 25 сәуір күні сағат 10:10-да СҚО ТЖ департаментіне Айыртау ауданында 9 адам ауруханаға жатқызылғаны туралы хабар жетті. Бір отбасының мүшелері, атап айтқанда сегіз баласы бар көпбалалы ана иіс тиіп уланған. 26 сәуір күні СҚО ТЖ департаментінде болған оқиға туралы толығырақ айтылды, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.

“Бұл отбасы қоныс аударушылар екені анықталды. СҚО-ға Маңғыстау облысынан қоныс аударған. Бұл екі жыл бұрын болған. Әкімдік отбасы үшін Антоновка ауылындағы Ақан сері көшесі, 4 мекенжайы бойынша тұрғын үй бөлді. Үйде отбасы тұрды, оқиғадан екі күн бұрын отбасы басшысы жөндеу жұмысын бастады. Жөндеу кезінде жанұя Красная көшесі, 15 мекенжайына көшті”, – деді СҚО ТЖД жедел штабының бастығы Аслан Ахметжанов.

25 сәуірде түнгі сағат 2-де отағасы пеш жағып, жұмысқа кетті. Үйде балалармен бірге олардың анасы қалды, ол пештің тартпасын ішіндегісі толығымен жанып бітпейінше жауып тастады. Салдарынан бөлмеге алқымнан алар улы газ тарады.

“Үш жедел жәрдем көлігімен және медицина қызметкерлерінің сүйемелдеуімен 9 адамнан тұратын отбасы жеткізілді. Ана және 8 бала: 2009, 2011, 2012 егіздер, 2015, 2017, 2018 жылы туған. Улы газбен улану диагнозы қойылды. Қабылдау бөлімінде дереу тексеріліп, ауруханаға жатқызылды. Ана терапия бөлімшесіне, үш бала Айыртау аудандық ауруханасының балалар бөлімшесіне, ал ауыр дәрежедегі 5 бала реанимация бөлімшесіне жатқызылды”, – деді СҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары м.а. Раиса Құсайынова.

26 сәуірде таңертең көп балалы ана ауруханадан шығарылды. Ал реанимациядағы бес бала балалар бөлімшесіне ауыстырылды. Құтқарушылар зардап шеккен отбасымен алдын ала профилактикалық әңгіме өткізгенін айтты. Олар көшіп келген үйге түтін датчигін де орнатып берді.

Shares