Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » Петропавлдық зейнеткерден 13 мың доллар ұрланды

Петропавлдық зейнеткерден 13 мың доллар ұрланды

Петропавлда полицейлер ірі көлемдегі ақшасы бар дропперді ұстады, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.

Дроппер – алаяқтар өз мақсаттарына жету үшін пайдаланатын адам. Ол қылмыстың бастамашысы емес. Ол тек нұсқауларды орындайды. Сол үшін ақша алады.

Екінші полиция бөліміне облыс орталығының 71 жастағы тұрғыны арызданған. Ол пәтерінде белгісіз біреу болып, ірі көлемдегі ақшаны ұрлағанын хабарлаған. Келтірілген шығын шамамен 6 миллион теңгені құрап отыр. Криминалдық полиция қызметкерлері жедел іздестіру шараларын жүргізіп, облыстағы колледждердің бірінде оқитын 16 жастағы студентті ұстады. Ұрланған ақша өзімен бірге болыпты. Істі қарау барысында белгілі болғандай, сол күні бәз біреу зейнеткердің үй телефонына қоңырау шалып, оның туыстарының бірі жол-көлік оқиғасына ұшырағанын, салдарынан адамдар зардап шеккенін айтқан. Іс қозғамау үшін қомақты қаржы сұрапты. 71 жастағы кейуана бұған сеніп, қолында 13 мың доллар барын айтыпты. Қазір тергеу жалғасуда.

«Полицияға дер кезінде хабарласу қылмысты ашу ықтималдығын айтарлықтай арттырады. Полиция қызметкерлерімен алаяқтық әрекеттерінің алдын алу шаралары жүйелі түрде жүргізілуде. Бірақ мұндай фактілер тыйылар емес. Әсіресе, егде жастағы адамдар жиі сан соғуда. Осындай жағдайға тап болған азаматтарды үрейленбеуге, қаржылық операцияларға қатысты шешім қабылдауға асықпауға және дереу полицияға хабарлауға шақырамыз», – деді Солтүстік Қазақстан облысы ПД бастығының орынбасары Еңбек Сембин.

Shares