Петропавлда ҰОС жауынгері Иван Суринді жерлеу рәсімі өтті
Облыс орталығының Новопавловка кентінде орналасқан зиратта жауынгер Иван Филиппович Сурниннің сүйегін жерлеу рәсімі өтті, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.
«Atamnyn Amanaty» қоғамдық бірлестігі – Екінші дүниежүзілік соғыста хабарсыз кеткен қазақстандық жауынгерлердің жерленген орындарын анықтау және олардың есімдерін мәңгілікке қалдыру мақсатында жүйелі іздестіру және мұрағаттық іздестіру жұмыстарымен айналысатын еліміздегі жалғыз ұйым.
Соңғы 4 жылда ұйымға аталарын іздеп жүрген 7 мыңнан астам қазақстандық жүгінсе, бүгінге дейін екі мыңнан астамы мақсатқа жеткен. Қазіргі таңда Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің қолдауымен Екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқан 14 қазақстандық жауынгер мен офицердің сүйегі туған-туыстары мен жақындарына тапсырылыпты.
Сонымен, іздеу тобы Ұлы Отан соғысы кезінде ұрыс даласында қаза тапқан жауынгердің сүйегін туған жеріне әкелді. Медальонның арқасында Қызыл Армия жауынгерінің жеке басын анықтау мүмкін болды. Ол Дроничено ауылын алу үшін жауынгерлік тапсырманы орындау кезінде қаза тапқан Сурнин Иван Филиппович болып шықты.
Сарбаз 1913 жылы Солтүстік Қазақстан облысы, Преснов ауданында туған. Соңғы уақытқа дейін ол із-түзсіз жоғалғандар тізімінде болыпты. Оның сүйегі Ресей Федерациясының Тверь облысына қарасты муниципалдық округінің Дроничено аумағынан табылды.
Қызыл Армия жауынгері 80 жылдан астам уақыт майдан даласында жатты. Осы уақыт ішінде Иван Филипповичтің отбасы іздеу жұмыстарымен айналысып, сарбазды табуға тырысты.
Жауынгерді жерлеуге арналған шараға оның туған немересі Самсонова Галина Тарасовна келді. Салтанатты шараға Солтүстік Қазақстан облысының қорғаныс істері жөніндегі департаменті, Қазақстан Республикасы Ұлттық ұлан академиясының және «Graal» ЖК өкілдері де қатысты