Петропавловск
+21°C
Главная страница » Мәдениет » СҚО-ға Павлодардан 100-ге жуық құнды экспонат жеткізілді

СҚО-ға Павлодардан 100-ге жуық құнды экспонат жеткізілді

Петропавлда “Тау тұлғаларға тұғыр болған қасиетті Павлодар өңірі” атты көрме ашылды. Онда Г.Н. Потанин атындағы Павлодар облыстық тарихи-өлкетану музейі қорынан әкелінген 100-ге жуық экспонат ұсынылған, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.

“Біз Петропавлға көрнекті тұлғалардың шынайы құнды заттарын – сирек кездесетін құжаттар мен фотосуреттерді, жеке заттарды, тұрмыстық заттарды және ұрпақ үшін аса маңызды ұлы адамдардың өмірі мен шығармашылығынан сыр шертетін басқа да материалдарды әкелдік. Көрмеде ұсынылған экспонаттардың қатарына Мұса Шормановтың шам қоятын заты, Шәкен Аймановтың сахналық костюмдері, Майра Шамсутдинованың “Тальянка” баяны мен жеке заттары және т. б. кіреді”, – деді Г.Н. Потанин атындағы Павлодар облыстық тарихи-өлкетану музейінің бөлім басшысы Бибігүл Жүнісова.

Көрме бір ай бойы жұмыс істейді. Экспонаттармен Солтүстік Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің екінші қабатында танысуға болады. Биыл аталған қара шаңыраққа – 100 жыл.

“Біз қызыққа толы көптеген іс-шара жоспарлап қойдық. Қызылорда, Тараз, Қостанай қалаларындағы музейлермен алмасу көрмелері болады. Мұражайдағы түн шарасын да ұмытпаймыз, бұл іс-шара біздің келушілер арасында танымалдылыққа ие. Облыстық тарихи-өлкетану музейінің алғашқы директорларының бірі құрметіне мемориалдық тақта да ашылады”, – деді облыстық музей бірлестіктерінің басшысы Гүлнәр Мұқышева.

Солтүстік Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің мерейтойына орай жаздың ортасында Қазақстан Конституциясы көшесінде “Ботай” заманауи көркем галереясының ашылуы өтеді.

Shares