Қасым-Жомарт Тоқаев полицейлер мен мемлекеттік қызметшілерді мерекемен құттықтады
Мемлекет басшысының құттықтаулары әлеуметтік желілерде жарық көрді. Оны Ақорданың баспасөз қызметі жариялады, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.
“Мемлекеттік қызметшілерді кәсіби мерекесімен құттықтаймын! Өздеріңізге Әділетті Қазақстанды құру жолында айрықша міндет жүктелген. Сіздер мемлекет пен қоғам мүддесін қорғап, жасампаздық пен жауапкершіліктің озық үлгісін көрсетесіздер деп сенемін. Еңбектеріңіз жемісті болсын!” – деп жазды Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар, бүгін – Полиция күні. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тәртіп сақшыларын да мерекемен құттықтады.
“Құрметті полиция қызметкерлері! Кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймын! Сіздер заң пен тәртіпті сақтауға, азаматтардың қауіпсіздігі мен тыныштығын қорғауға елеулі еңбек сіңіріп келесіздер. Әділдік идеясы үстемдік құрған қоғамда полиция қызметкерлеріне жоғары талап қойылып, зор жауапкершілік жүктеледі. Сіздердің әділетті мемлекет пен берекелі қоғам құруға өлшеусіз үлес қосып, «Заң мен тәртіп» қағидатын орнықтыруға атсалыса беретіндеріңізге сенемін. Әрдайым абырой биігінде болыңыздар!”,- деп жазды Мемлекет басшысы.