Петропавловск
+21°C
Главная страница » CҚО » СҚО-да ауыл мектептері үшін 29 жаңа автобус сатып алынды

СҚО-да ауыл мектептері үшін 29 жаңа автобус сатып алынды

Бірінші қыркүйек жақындап қалды, демек, балалар қайтадан мектепке барады. Ауылдық жердегі көптеген мектеп оқушылары үшін оқу орны басқа елді мекенде орналасқандықтан, мектепке автобустар ауадай қажет. Солтүстік Қазақстан облысында күнделікті 143 мектеп автобусы жүреді, олар 2 мыңнан астам баланы тасымалдайды, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.

Бүгін облыс әкімі Айдарбек Сапаров Білім күні қарсаңында жаңа, заманауи үлгідегі мектеп автобусының кілтін табыс етті. Олардың барлығы облыс аудандарына аттанады. Көліктер лизингке шамамен 600 миллион теңгеге сатып алынған.

Жаңадан сатып алынған автобустарды есепке алғанда, соңғы 3 жылда білім саласының автопаркі 45% жаңартылған. Жаңа көлік балаларды тасымалдау қызметін ыңғайлы әрі қауіпсіз етеді. Мектеп автобустары кондиционермен, жылдамдықты шектегіш құралдармен және қауіпсіздік белдіктерімен жабдықталған. Бұл көліктер ерекше қажеттіліктері бар балаларға да бейімделген: пандус пен жүргізушіні шақыру түймесі бар.

«Балаларды тасымалдау кезіндегі қауіпсіздік – біз үшін бірінші орында. Бүгін ауыл мектептеріне заманауи үлгідегі 29 мектеп автобусын табыстап жатырмыз. Қазір облыс бойынша ауыл мектептерінің оқушыларын 143 автобус тасымалдайды. Автопаркті жетілдіру жұмыстары жалғасады, қажетті қаржыны бағыттаймыз. Жалпы, білім саласына қомақты қаржы құйылып жатыр”, – деді СҚО білім басқармасының басшысы Нәзір Жәшібеков.

Shares