Облыстық жедел медициналық жәрдем орталығының дәрігерлері анафилактикалық шокпен ауырған 44 жастағы ер адамды аман алып қалды
Шақырту 3 тамыз күні 22:55-те түскен. Шақыртуға ер адамның жағдайының нашарлауы себеп болыпты. Құрамында дәрігер Исламбек Кенжетаев, фельдшер Максим Рябов және жүргізуші Евгений Игнаткин бар жедел жәрдем бригадасы оқиға орнына 4 минуттан кейін жеткен, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.
Науқастың жағдайы өте ауыр болды. Тексеру барысында жүрек-қан тамырлары қызметінің және тыныс алу жеткіліксіздігі байқалды. Анамнез алу кезінде дәрігерлер бұл жағдайдың цефтриаксон инъекциясынан кейін пайда болғанын анықтады. Бригада стандарт бойынша реанимация жүргізді. Науқас 1-ші қалалық ауруханаға өкпені жасанды желдету аппараты мен вазопрессорлық қолдау арқылы жеткізілді.
«Өкінішке қарай, антибиотиктерге аса ауыр аллергиялық реакциялар жиі болады. Бұл Covid-19 пандемиясы кезінде жаппай қолданумен байланысты болуы мүмкін. Егер сіз ауыр аллергиялық реакцияға тап болсаңыз, аллергенді алшақтатқаныңыз жөн. Сонымен қатар, науқасты көлденең жатқызып, жедел жәрдем келгенше диспетчердің нұсқауларын орындауыңыз керек», – деп атап өтті облыстық жедел медициналық көмек орталығының директорының міндетін атқарушы Юрий Белоног.