Қазақстанда көкөніс бағасының маусымдық төмендеуі басталды
Өткен аптада әлеуметтік азық-түлік бағасының орташа индексі 0,1%-ға төмендеп, жылдық өсу қарқынын нөлге түсірді. Мұндай деректер вице-премьер Серік Жұманғариннің төрағалығымен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру жөніндегі кеңесте айтылды, деп хабарлайды QZ Media тілшісі ҚР Сауда және интеграция министрлігіне сілтеме жасай отыра.
“Көкөніс бағасының маусымдық төмендеуі басталды. Өткен аптада сәбіздің бағасы – 1,1%-ға, картоп 0,6%-ға арзандады. Тауық жұмыртқасы (-0,5%), күріш (-0,2%), қант (-0,3%), айран (-0,4%), қарақұмық жармасы (-0,2%), бірінші сортты нан мен ұн (- 0,1%), сиыр еті (-0,1%) бағасының төмендеуі жалғасуда. Сонымен қатар күнбағыс майының құны ұзақ уақыт төмендеуінен кейін 0,5%-ға, тұз (0,2%), май (0,3%) өсуі байқалды”,- деді сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанова.