СҚО-ның 48 ұстазы Тамыз Саммитіне қатысуда
Қазақстанда Педагогтердің республикалық тамыз саммиті – 2024 басталды. Бірінші рет дәстүрлі тамыз конференциясы халықаралық қонақтар – білім берудегі сарапшылардың қатысуымен Саммит форматында өтеді. Биылғы жылы ол «Digital Kazakhstan: заманауи білім беру» тақырыбында ұйымдастырылды, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.
Саммит аясында жасанды интеллектті қолдана отырып жасалған цифрлық өнімдердің білім беру көрмесі ұйымдастырылады.
“Сондай-ақ білім беру саласындағы жетекші сарапшылардың қатысуымен пленарлық және секциялық отырыстармен қатар шеберлік сабақтары өтеді. Іс-шара соңында білім беруді дамытуға қосқан үлесі үшін үздік педагогтер марапатталады.”,- деп хабарлайды ҚР Оқу-ағарту министрлігі.
Оған 500 мыңнан астам педагог офлайн және онлайн режимдерде қатысатын болады. Маңызды шараға Солтүстік Қазақстан облысынан 48 педагог аттанды.
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев еліміздің педагогтарын республикалық тамыз саммитінің басталуымен құттықтады. Ол өз үндеуінде алдағы оқу жылындағы білім беру жүйесі үшін негізгі міндеттерді белгілеп, қазақстандық білім беруді одан әрі дамыту қажеттігін атап өтті.