СҚО-да «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 91 кәсіпкер қолдау көреді
2023 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Ауыл аманаты» ауыл тұрғындарының табысын арттыру бойынша ауқымды бағдарлама басталды. Оны іске асыруға 100 млрд теңге бөлінді. Беруге жоспарланған 17 мың микрокредиттен 14,5 мың микрокредит беріліп, 15,5 мың жұмыс орны қамтамасыз етілді, деп хабарлайды QZ News тілшісі ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне сілтеме жасай отыра.
Ағымдағы жылы бағдарламаны іске асыруға 100 млрд теңге көзделген, 18,2 мың жұмыс орнын құрумен 17 мың шағын несие беру жоспарлануда.
Өткен жылы Солтүстік Қазақстан облысында «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында ауыл тұрғындарына жеке бизнесін дамыту үшін 236 жеңілдетілген несие берілді. Аққайыңдар өлкесінде 250 жаңа жұмыс орны ашылды.
Тамыз айының соңында аймақ басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов Telegram арнасында жоба жайлы пікір білдірді. Жазбаға сүйенсек, бағдарламаға сұраныс көп, сондықтан оны жүзеге асыру жұмысы жалғасын табады. Биыл 91 жобаны қаржыландыру жоспарлануда, 150 жұмыс орны ашылмақ. Қой мен құс шаруашылығы және жемшөп өндірісі басым бағыттардың қатарында болады.