Петропавловск
+21°C
Главная страница » Қазақстан » Қазақстан мектептері мен колледждерінде алаяқтық пен кибербуллинг туралы айтылуда

Қазақстан мектептері мен колледждерінде алаяқтық пен кибербуллинг туралы айтылуда

1 қыркүйектен бастап еліміздің барлық білім беру ұйымдарында қауіпсіздік сабақтары басталды. Бұл сабақтар апта сайын сынып сағаты аясында 10 минуттан өткізіледі, тақырып жылына үш рет қайталанады, деп хабарлайды QZ News тілшісі ҚР Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.

«Сабақтар балалардың жас ерекшеліктері мен даму деңгейін ескере отырып, балалардың әртүрлі өмірлік жағдайларда өз іс-әрекеттеріне сенімділігін қалыптастыруға бағытталған. Біздің міндетіміз – балаларға қажетті ақпаратты беріп қана қоймай, түрлі жағдайларда дұрыс әрекет етуге үйрету», – деп атап өтті ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова.

Балабақшалардағы ересек топтар шұғыл қызметтер мен байланыс орталықтарының телефон нөмірлерін жаттайды, балалар алаңдарында, ойын орталықтары мен аттракциондарда өзін-өзі ұстау ережелерін ұғынады. Бастауыш сынып балалары су қоймасындағы қауіптер жайлы ақпарат алады,
виртуалды достықтың қаупі және қаңғыбас иттер кезіккендегі сақтық шараларын үйренеді.

Орта сынып балаларына қауіпті челленджер тақырыптары бойынша сабақтар өтеді, кибербуллинг және одан қорғану тәсілдері, ата-аналармен сенімді қарым-қатынастың маңыздылығы жайлы айтылады.

Жоғары сынып оқушылары мен колледждердің 1-2 курс студенттеріне
алаяқтардың алдауына түспеу және өздерін табыстың күмәнді түрлерінен қорғау, онлайн-ойындардың тәуекелдерінен сақтану туралы ақпарат беріледі.

Айта кетейік, сабақтар Балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу және олардың құқықтары мен саламаттылығын қамтамасыз ету жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарды іске асыру шеңберінде жүргізіледі.

Shares