АЭХА басшысы Қазақстанның АЭС салуға қатысты бастамасын қолдады
Атом қуаты халықаралық агенттігі Венадағы Бас конференциясының 68-ші сессиясы аясында бейбіт атомды дамытуға, елдің жаһандық ядролық қауіпсіздікке қосқан үлесіне және уранды тұрақты жеткізуді қамтамасыз етуге арналған Қазақстанның ұлттық павильоны ашылды, деп хабарлайды QZ News тілшісі ҚР Энергетика министрлігіне сілтеме жасап.
Ашылу салтанатына АЭХА Бас директоры Рафаэль Гросси, Қазақстан Республикасының Австрия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Мұхтар Тілеуберді және Қазақстанның энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев қатысты. Қазақстан стендіне келген АЭХА Бас директоры Рафаэль Гросси еліміздің атом энергетикасын дамытудағы жаһандық күш-жігердегі басты рөлін атап өтті.
“Қазақстанның орасан зор ресурстары мен оның ядролық қауіпсіздік жөніндегі бастамалары саланың дамуына баға жетпес үлес қосуда. Қазақстанның бірлескен күш-жігеріміздегі маңызды рөлін және оның болашақ жоспарларын атап өту мен үшін үлкен мәртебе. Біз сіздердің ынтымақтастығыңызды, әсіресе таза атом энергиясын дамыту контекстінде жоғары бағалаймыз”, – деді Гросси.
Сонымен қатар, АЭХА басшысы 6 қазанда өтетін алдағы референдумның маңыздылығын атап өтіп, оның нәтижелері Қазақстандағы ядролық энергетиканың болашақ дамуы үшін шешуші болатынын атап өтті.
“АЭХА қауіпсіздік, қорғау және халықаралық сенім бағдарламаларын қамтамасыз ете отырып, осы маңызды кезеңде Қазақстанды қолдауға дайын”, — деп атап өтті АЭХА басшысы.
Рафаэль Гросси қазақстандық делегацияны көрмедегі әсерлі жетістіктерімен құттықтап, көміртекті бейтараптық жөніндегі күш-жігер шеңберінде Қазақстан үшін маңызды бастамаларды ілгерілету үшін одан әрі ынтымақтастыққа дайын екендігін білдірді.