«СҚ ЭТК» АҚ: «Үкіметтің қолдауымен көптеген мәселені шеше аламыз деп үміттенеміз
Тариф саясатын түбегейлі қайта қарау, тариф белгілеудің жаңа әдістемесін енгізу және инвесторлардың қызығушылығын арттыру қажет. Мемлекет басшысы өз Жолдауында табиғи монополиялар субъектілеріне тоқталды, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.
Табиғи монополия субъектілерінің бәріне 5-7 жылға дейін көңілге қонымды нарықтық тариф енгізілмек. Тарифтің арқасында инвестицияны нақты жоспарлауға мүмкіндік туады. Қаржы ұйымдары да кәсіпорындарға нық сеніммен несие бере алады. Сонымен қатар монополистердің жауапкершілігі едәуір артпақ. Бұл салаға цифрлық бақылау тәсілдері енгізіледі. Сол арқылы азаматтар тарифтік смета және инвестициялық бағдарламалар туралы ақпарат алады.
«Жолдауда табиғи монополиялар субъектілеріне қатысты өзекті мәселе көтерілді. Сондай субъектінің бірі – Солтүстік-Қазақстан электржелістік тарату компаниясы. Инвестициялық тартымдылық және тариф белгілеу – шынымен де маңызды мәселе. Қазіргі таңда «СҚ ЭТК» АҚ желісінің тозу көрсеткіші 90%-дан асады. Бүгінгі қолданыстағы және қайта бекітілген тариф желілердің тозуын азайтуға мүмкіндік бермейді. Біз тарифтерді қалыптастыру саласында мемлекеттік қолдаусыз жалақыны көтере алмаймыз, кадрларды да ұстай алмаймыз. Үкіметтің қолдауымен көптеген мәселені шеше аламыз деп үміттенеміз», – дейді «СҚ ЭТК» АҚ бас директорының өндіріс жөніндегі орынбасары Александр Елисеев.