Петропавлдық көмекші-алаяқ бес жылға бас бостандығынан айырылды
35 жастағы облыс орталығының тұрғыны алаяқтық жасағаны үшін бес жылға бас бостандығынан айырылды. Ол өзіне жүгінген адамдарға «көмектесіп», банктерден несие рәсімдеген, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.
2021 жылдың қазан айында Петропавл қаласының тұрғыны танысынан белгілі бір адамның ақшалай сыйақы үшін автомектепте оқымай-ақ, көлік жүргізу құқығы үшін жүргізуші куәлігін жасап бере алатындығын естіген. “Көмекшімен” кездескен әйел оған 120 000 теңге мен құжат рәсімдеу үшін жеке куәлігінің суретін беріпті.
Нәтижесінде ол ақшасынан айырылып қана қоймай, біраз уақыттан кейін мойнында 580 мың теңгеден астам несиесі барын анықтады. Сол айда тағы бір қала тұрғыны «көмекшінің» қақпанына түсті. Алаяқ нәзікжандыға салық төлеуден жалтару үшін көлікті жалған тіркей алатын адам керек екенін айтыпты. Әйел көмектесуге келісіп, алаяққа өзінің фотосы мен жеке куәлігін сеніп тапсырған. Ал айлакер болса оның атына 200 мың теңгеден астам несие рәсімдеген.
«2023 жылдың сәуір айында бұрын бірнеше мүліктік қылмыс жасағаны үшін сотталған 35 жастағы азамат 3 алаяқтық бабы бойынша сотталды. Ол бес жылға бас бостандығынан айырылды. Біз тұрғындардан құжаттарын ешкімге сеніп тапсырмауларын және заңсыз операцияларға қатысу туралы ұсыныстардан бас тартуларын сұраймыз», – деді СҚО бойынша ПД тергеу басқармасының басшысы Қайрат Қасымбеков.