Қазақстанда ең төменгі жалақының көтерілуі кімдерге әсер етеді
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы мөлшері 70 мың теңгеден 85 мың теңгеге дейін артады. Ең төменгі жалақының көтерілуі кімдерге әсер ететінін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде айтылды,- деп хабарлайды QZ Media тілшісі Zakon.kz сайтына сілтеме жасап.
«Ең бірінші кезекте ЕТЖ-ның өсуі «жалақысы төмен» жұмыскерлерге әсер етеді. Екіншіден, жалақы деңгейін белгілеу кезінде ЕТЖ көрсеткішін пайдаланатын жұмыс берушілер, сондай-ақ разряд аралық біліктілік жүйесін ескере отырып, қызметкерлердің басқа санаттарының жалақысын қайта қарайтын болады», – делінген хабарламада.
Министрілікте айтылғандай, әртүрлі саладағы меншік нысандарындағы кәсіпорындарда жұмыс істейтін 1,8 млн-ға жуық жалдамалы жұмыскердің, оның ішінде 350 мыңға жуық бюджеттік қызметкердің ақшалай табысы ұлғаяды.
Бұдан басқа Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі (бұдан әрі – Еңбекмині) Дүниежүзілік Банктің сарапшыларымен бірлесіп ең төменгі жалақы мөлшерін айқындау әдістемесін әзірледі, оған сәйкес ЕТЖ мөлшері медианалық жалақы мен еңбек өнімділігіне қарай айқындалады.
Сонымен қатар, 2020 жылдан бастап Қазақстанда азаматтық қызметшілердің жалақы деңгейін арттыру бойынша дәйекті шаралар қабылдануда:
- 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап 2020-2023 жылдар аралығында жыл сайын шамамен 600 мың педагогтың жалақысын 25%-ға кезең-кезеңімен арттыру басталды. Нәтижесінде олардың жалақысы 2 есе артады.
- 2021-2023 жылдар аралығында мемлекеттік мекемелерде және коммуналдық кәсіпорындарда жұмыс істейтін 6 мыңға жуық медицина қызметкерлерінің, оның ішінде дәрігерлердің жалақысы 30%-ға, орта медициналық персоналдың жалақысы жыл сайын 20% – ға көтеріледі.
- 2021 жылы әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы 38 мың қызметкердің жалақысын кезең-кезеңімен арттыру басталды, нәтижесінде үш жыл ішінде (2021 жылдан 2023 жылға дейін) олардың жалақысы 2 есеге ұлғаяды.
- 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап азаматтық қызметшілердің жекелеген санаттарының (шамамен 600 мың) жалақысын 2022-2025 жылдар кезеңінде жыл сайын орта есеппен 20% – ға кезең-кезеңімен арттыру басталды. Нәтижесінде 4 жыл ішінде олардың жалақысы 2 есе артады.
Сондай-ақ, Еңбекмині жұмыскерлердің жалақысын көтеру бойынша жеке кәсіпорындармен түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Нәтижесінде осы жылдың басынан бастап 8 мың жұмыс беруші 2,8 млн қызметкердің жалақысын 5-тен 50% – ға дейін арттыру туралы шешім қабылдады.
«Қазақстанда 2022 жылдан бастап ең төменгі жалақы мөлшері жыл сайын өседі. 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап 85 мың теңгеге дейінгі кезекті ұлғаюды ескере отырып, үш жылдағы ең төменгі жалақы мөлшері екі еселенеді», – делінді министрлікте.