Петропавловск
+21°C
Главная страница » Қазақстан » Телефон алаяқтармен әзілдесемін деп сан соғып қалуыңыз әбден мүмкін

Телефон алаяқтармен әзілдесемін деп сан соғып қалуыңыз әбден мүмкін

Кейбір қазақстандықтар телефон қоңырауын алаяқ шалғанын ұғынып, онымен әзілдесуге шешім қабылдайды. Тілдесу барысында түрлі дүние айтылады. Бұл одан бетер қауіпті, деп хабарлайды QZ News тілшісі NUR.KZ порталына сілтеме жасай отырып.

Алаяқтар қазақстандықтарға интернет кеңістігінде маза бермеуде. Телефон қоңыраулары арқылы да алдайтындар бар. Бұл бүгінгі күндегі басты қауіп-қатерлердің бірі болып табылады. Қазір отандастарымыз телефон қоңырауы арқылы сан соқтыратындардың әдіс-тәсілін біліп алды десек болады. Кей жағдайда өзіне күмәнді қонырау шалынғанын сезінген отандастарымыз айлакерді сөзге тартып, әзілдесіп жатады. Алайда, бұдан алшақ болған абзал. Пысықайлар қалжындасудан тұрған әңгімеге ашуланып, кек алуы ықтимал.

Кейбір интернет көздерінде айтылғандай, қазақстандықтар алаяқтармен әзілдесу жағдайларынан кейін шабуыл жасаушылардың және тіпті олардың құрбандарының қоңырауларының көбеюіне тап болған. Яғни, жұмсалған уақыт үшін кек алуды көздеген алаяқтар «қараңғы вебте» сатылатын басқа дерекқорларға жәбірленуші туралы ақпаратты (аты-жөні, телефоны, банк карталары және т.б.) енгізе алады. Сәйкесінше, мұндай қоңыраулардың саны артуда, яғни әртүрлі алаяқтар қазақстандықтарды олардың «әріптестері» берген мәліметтері бойынша алдауға тырысуда.

Сондай-ақ, шабуылдаушылар «алтын уақыттарын» сарп еткен адамдардың телефон нөмірін өзгертіп, ыңғайсыздық тудырады. Бұл жерде алаяқтардан түскен қоңырауларды басқа адамның нөміріне бүркемелейтін арнайы бағдарламалар пайдаланылады. Нәтижесінде, бұрындары телефон алаяқты қорлаған қазақстандықтарға алданған басқа адамдар қоңырау шалып, ақшасын қайтаруды талап ете алады.

Қазақстандықтар өздерін алаяқтардан және олардың салдарынан туындауы мүмкін басқа да жағымсыз жайттардан қорғау үшін кейбір қауіпсіздік ережелерін ұстанулары керек:

•⁠ ⁠банктерден, микроқаржы ұйымдарынан, құқық қорғау органдарынан және тағы да басқа күмәнді қоңыраулардан кейін сөйлесуді бірден тоқтатып, ресми сайттарда орналастырылған байланыс деректері бойынша осы ұйымдарға өз бетінше хабарласу керек;
•⁠ ⁠қорқытуға берілмеу маңызды, әдетте алаяқтар құрбанды қорқыту үшін түрлі эмоциялық қысымға барады;
•⁠ ⁠өзіңіздің жеке деректеріңізді (телефон нөмір, банк картасы және тағы басқа), сондай-ақ SMS-кодтарды үшінші тұлғаларға бермеу қажет және оларды түрлі сайттарда толтырмаған абзал;
•⁠ ⁠әлеуметтік желілерде шығатын сілтемелер бойынша өтпеу керек.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, алаяқтық қоңыраулар анықталған жағдайда қазақстандықтар әңгімені жай ғана тоқтанып, қауіпсіздік ережелерін естен шығармауы керек. Ал алаяқтарды қорлау, олармен артық сөйлесу теріс салдарға әкелуі мүмкін.

Shares