Петропавлда өтетін концертте вальс корольдерінің туындыларын тыңдау мүмкіндігі туады
2 қараша күні сағат 17:00-де Ақан Сері атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық филармониясында «ВАЛЬС КОРОЛЬДЕРІ» атты концерт өтеді. Бағдарламада Шәмші Қалдаяқовтың, Петр Чайковскийдің, Иоганн Штраустың шығармалары бар. Дирижер – ҚР еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдинов, деп хабарлайды QZ News тілшісі.
Эстрадалық-симфониялық оркестрдің белгілі дирижері мен музыканттары, сондай-ақ филармонияның солистері вальс корольдері жазған шедеврлерді тыңдаушы қауымға ұсынады, туындылардың сырын ашады.
“Иоганн Штраус, Петр Ильич Чайковский және Шәмші Қалдаяқов сияқты авторларды таңдадық. Иоганн Штраус пен Петр Ильич Чайковскийдің музыкасы әлдеқашан жарқын өмір мерекесінің символына айналған. Олардың әуендерінің сұлулығы, оркестрлік қосылудың сәнділігі, би пьесаларының өнерлілігі мен шеберлігі – бөлек әлем. Екі ғасырдан астам уақыт өтсе де туындылар қарапайым тыңдаушылардан бастап, әлемнің атақты музыканттарына дейін тәнті етіп келеді”, – деп жазды Абзал Мұхитдинов Instagram желісінде.
Көрермендер классикалық музыкадағы сүйікті хиттерінің керемет жинағын тыңдайды: Штраустың «Әдемі көгілдір Дунайда», «Вена қаны» және «Көктемгі дауыстар» вальстары, Чайковскийдің «Щелкунчик» балетінен «Гүлдер вальсы» және «Ұйқыдағы сұлулық» балетінен «Вальс» еңбегі. Сонымен қатар, концертте Шәмші Қалдаяқовтың көптеген шығармаларын тыңдауға болады.