Петропавловск
+21°C
Главная страница » CҚО » СҚО-да 30 мыңнан астам бастауыш сынып оқушысы тегін тамақпен қамтылған

СҚО-да 30 мыңнан астам бастауыш сынып оқушысы тегін тамақпен қамтылған

Жаңа оқу жылынан бастап облыстағы барлық білім ошағындағы бастауыш сынып оқушылары тегін ыстық тамақпен қамтылды. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін осы мақсатқа облыстық бюджеттен бір миллиард теңгеге жуық қаражат бөлінді, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.

Әлихан Бөкейхан атындағы №25 орта мектепте 680 бала оқиды. Оның 300-ге жуығы – бастауыш сынып оқушысы. Олардың барлығы биыл тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етілді. Сондай-ақ, аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан 5 мен 11 сынып аралығындағы 25 оқушы да мемлекет есебінен мектепте тамақтанады.

«Биылғы оқу жылында ыстық тамақпен қамтамасыз етілдік. Мен көпбалалы отбасынан шыққанмын. Өткен жылы анам мен әкем інім екеумізге көп ақша жұмсады. Ал биыл жұмсалатын қаржыға қосымша кітаптар мен дәптер сатып алуға мүмкіндік туды. Айтпақшы, асханадағы тамақ өте дәмді».

«Мен 4 сыныпта оқимын. Мектепте 1-4 сынып оқушылары тегін тамақтанады. Бұрын ата-аналар балалары тамақ ішу үшін қалтадан біраз ақша шығарғанын білемін. Енді оларға оңайырақ болады деп ойлаймын»,- деп оқушылар пікірлерін білдірді.

«Бастауыш сынып оқушыларын тегін ыстық тамақпен толық қамту мақсатында, яғни 30 мыңнан астам баланы қамту үшін биыл облыстық бюджеттен 990 млн теңге бөлінді. Сондай-ақ, биыл облыста асхана жабдықтарын жаңартуға 200 миллион теңге бағытталды. Бұл мектеп асханаларын жаңартуға мүмкіндік берді. Сондықтан енді тағам бұдан да дәмді болады»,- дейді мектеп қызметкерлері.

 

Shares