Петропавлда «Sensitive» би театрының әртістері «Рассекая волны» пластикалық қойылымын ұсынды
С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының сахнасында «Sensitive» би театрының әртістері Александр Гриннің аты аңызға айналған «Алые паруса» повесі бойынша «Рассекая волны» пластикалық қойылымын ұсынды, деп хабарлайды QZ News тілшісі.
Қойылым өзінің ерекшелігімен көрерменді бірден баурап алды. Әсіресе студенттер мен оқушылар ертегідей күйге бөленді. Бір сағаттан астам уақытқа созылған спектакль өмір философиясы мен адамдар арасындағы қарым-қатынасқа жаңаша көзқараспен қарауды көздейді, дейді жоба жетекшісі Ольга Ростовщикова. Қойылымның авторы алматылық режиссер-хореограф Анна Цой.
«Қойылым премьерасы көктемде өтті. Режиссер-хореографтың уақыты аз болған соң, спектакльге бір айға жуық уақыт ғана дайындалық. Анна Цой Петропавлға бұған дейін бірнеше рет келген. «Sensitive» бұрын басқа стильде жұмыс істеген, сондықтан бұл қойылым әртістер үшін өзіндік сынақ болды. Спектакль бір сағаттан астам уақытқа созылатынын ескерсек, ол физикалық оңай емес. Қойылымда 10 адам өнер көрсетеді. Ой тек қозғалыс арқылы беріледі. Бұл спектакльде 3 кейіпкер бар: Артур Грей, Ассоль және оның әкесі. Олардың әрқайсысы бүгінгі күнді, өткенді және болашақты бейнелейді.Ассоль рөлін есту қабілеті бұзылған балаларға арналған мектеп-интернатының тәрбиеленушісі сомдайды», – дейді «Sensitive» би театрының жетекшісі Ольга Ростовщикова.
Спектакльдің музыкалық әрлеушісі Давид Литвинов. Костюм дизайнері және жарық қоюшы Ботагөз Ахметова мен Арсений Макаров. Қойылымның қоюшы-суретшісі Алма Сырбаева болды. Сурдоаудармашы Светлана Приходько.