Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » Петропавл Ұлттық ұланының академиясында жаңа оқу жылы басталды

Петропавл Ұлттық ұланының академиясында жаңа оқу жылы басталды

ҚР Ұлттық ұланының академиясында жаңа оқу жылының ашылуына арналған салтанатты іс-шара өтті. Биыл ЖОО-ға 206 курсант және 12 магистрант түсті, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.

Жаңа оқу жылының басталуына арналған салтанатты іс-шараға Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының орынбасары генерал-майор Бауыржан Әбжанов, профессорлық-оқытушылар құрамы, ЖОО магистранттары мен курсанттары қатысты.

«Біз ел басшылығының ұлттық қауіпсіздікті нығайту саласындағы жүргізіп жатқан реформаларына куә болып отырмыз. Уақыт көрсетіп отырғандай, Қазақстан Республикасына бұрын-соңды болмаған құқықтық тәртіп әскерлерінің жоғары кәсіби офицерлік корпусы қажет, соның салдарынан әскери білім беру саласындағы түбегейлі өзгерістер мен реформалар қажеттілігі туындады. Академия жеке құрамының, әсіресе оқу-тәрбие процесін жетілдіру жөніндегі профессорлық-оқытушылар құрамының көп жылғы еңбегі біздің ЖОО –ның дамуының жаңа кезеңіне шығуына мүмкіндік берді», – деп атап өтті ведомство басшысының орынбасары, генерал-майор Бауыржан Әбжанов.

Сондай-ақ Ұлттық ұлан академиясының ардагерлер кеңесінің төрағасы запастағы полковник Болат Қожахметов және академия тыңдаушысы, III дәрежелі «Айбын» орденінің иегері капитан Ербол Отарбаев жеке құрамға құттықтау сөз сөйледі.

Академия базасында сегіз мамандық бойынша офицерлерді даярлау жүзеге асырылады, оқыту он кафедрада жүргізіледі. Академияда жоғары оқу орнынан кейінгі және қосымша білім беру факультеті жұмыс істейді, онда жыл сайын Ұлттық ұлан мен басқа да күштік ведомстволардың офицерлері мен келісімшарт бойынша әскери қызметшілері мамандықтары бойынша қайта даярлаудан өтеді.

Айта кету керек, биыл магистратура бағдарламасы бойынша ЖОО қабырғасында оқитын офицер-тыңдаушыларды алғашқы қабылдау жүзеге асырылды. Бұл өткен жылдың ақпан айында оқу орнына академия мәртебесін бергеннен кейін мүмкін болды.

 

 

Shares