Асық атудан әлем чемпионы Камила Сексембайды петропавлдықтар қошеметпен қарсы алды
Асық атудан әлем чемпионы Камила Сексембай елге оралды. Солтүстік Қазақстан облысының 27 жастағы спортшысы Түркияда өткен беделді жарыста бірінші орынды жеңіп алды, деп хабарлайды QZ News тілшісі.
Қазақстан құрамасы сапында спортшы жеке және командалық есепте де ең жоғары шеберлік деңгейін көрсетіп, үздік нәтиже көрсетті.
«Біз Франция, Испания, Қырғызстан, Чехия және Түркия елінен келген спортшылармен ойындар өткіздік. Чемпионатқа бір ай дайындылдық. Мен өзімді жоғары деңгейде көрсете алғаныма қуаныштымын. 20 қарашада Көкшетауда Қазақстан Республикасының чемпионаты болады, сол жарысқа баруды жоспарлап отырмын. Мектеп кезінен бастап Бес асықты ойнаймын. Мен Аққайың ауданының тумасымын, қазір Шал ақында тұрамын», – дейді асық атудан Әлем чемпионы Камила Сексембай.
Түркия астанасы Анкарада асық атудан ересектер арасындағы өткен әлем чемпионатына 10 елден 60-қа жуық спортшы қатысты. Жарысқа Қазақстан атынан қатысқан алты спортшының бесеуі алтын, біреуі күміс жүлдегер атанды.