«Құқықтық тәртіп» ЖААШ: СҚО-ның полицейлері 3 күнде мыңнан астам бұзушылық анықтады.
Солтүстік Қазақстан облысының полиция департаментінде үш күндік «Құқықтық тәртіп» жедел-алдын алу іс-шарасының қорытындысы шығарылды. 3 күн ішінде облыста 33 қылмыс тіркеліп, оның 27-сі кезекшілік барысында ашылған. Сонымен қатар, 1065 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.
Үш күнде ең көп тіркелген бұзушылық – жол жүру ережесін бұзу. Мұндай 238 факті тіркелді. Алкогольдік ішімдіктерді ішу және қоғамдық орындарға мас күйде келу – 208 жайт. Кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде немесе үйден тыс жерде үлкендерсіз жүруі – 79 жайт.
Сонымен қатар, отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы заңсыз әрекеттердің 42 фактісі бойынша шара қолданылып, ұсақ бұзақылық бойынша 71 хаттама толтырылған.
«Облыс жолдарында жаяу жүргіншілердің қатысуымен 163 жол қозғалысы ережесі бұзылды. 116 жайт – жылдамдықты арттыру фактісі. 24 жайт – жаяу жүргіншілерді өткізбеу. Сондай-ақ тәртіп сақшылары бұрын жүргізуші куәлігінен айрыла тұра рөлге қайта отырған 5 адамды ұстады», – деп хабарлайды Солтүстік Қазақстан облысының ПД.