Петропавловск
+21°C
Главная страница » Агро » 35 ауыл шаруашылығы маманы марапатқа ие болды

35 ауыл шаруашылығы маманы марапатқа ие болды

Петропавлда ауыл шаруашылығы қызметкерлері күніне арналған салтанатты іс- шара өтті. Өз ісінің шеберлерін марапаттау рәсімі С. Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрында өтті. Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов  ауыл шаруашылығы мамандарын кәсіби мерекелерімен құттықтады, деп хабарлайды QZ News тілшісі.

«Жыл оңай болған жоқ, бірақ облыс диқандары лайықты өнім алды. Солтүстік Қазақстанда биыл 6,2 миллион тоннадан астам астық жиналды. Облыста 19 сүт кешенінің 9-ы аяқталып, іске қосылды. «Зенченко и К» КС қуаттылығы жылына 13 мың тонна майлы дақылдарды өңдеу цехын салуда, шошқа фермасын 100-ден 200 мың басқа дейін кеңейту жалғасуда, «Евразиан милк» ЖШС қоюландырылған сүт өндіру цехын салып жатыр, шикізатты өңдеу қуаттылығы жылына 92 мың тоннаға дейін артады», – деді Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов.

35 ауыл шаруашылығы қызметкері облыс басшысының қолынан салтанатты жағдайда марапатқа ие болды. «Атамекен-Агро-Корнеевка» ЖШС директоры Александр Фадеев«Құрмет» орденінің иегері атанды. 3-дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен Мамлют және Тайынша аудандарынан үш ауыл шаруашылығы маманы марапатталды

«Ауыл шаруашылығында 32 жыл еңбек етіп келемін. Қарапайым жұмысшыдан бастап, соңғы 13 жыл «Белое-Агро» ЖШС басқарып келемін. Биылғы астық шығымдылы 20 ц/гақұрады. Сонымен қатар, мал шаруашылығымен айналысамыз. 2021 жылы Дания мен Америкадан ангус тұқымды мал әкелінді», – дейді Мамлют ауданындағы «Белое-Агро» ЖШС басшысы Алексей Левин.

Тағы екі маманның еңбегі еленіп «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Жеті ауыл шаруашылығы қызметкері «Еңбек Ардагері» медалінің иегері атанды, олардың кейбірі жарты ғасырға жуық өмірін осы маңызды салада еңбек етуге арнаған

«Мен Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің облыстық аумақтық инспекциясында жұмыс істедім. Мен диқандарымыздың биылғы жылы жақсы өнім алғанын мақтан тұтамын.Мемлекеттік қолдау үлкен рөл атқарады. Ауыл шаруашылығы саласының мамандары өз кәсіпорындары орналасқан ауылдардың игілігі үшін еңбек етуі керек деп есептеймін», – дейді ардагер, «Еңбек Ардагері» медалінің иегері Қабдөш Дарбаев.

«Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісін 7 сала өкілі иеленді. 12 маман ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Тағы 9 ауыл шаруашылығы қызметкері Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хатына ие болды.

Shares