СҚО-да үздік жедел уәкіл анықталды
Солтүстік Қазақстан облысының полиция департаментінде «Үздік жедел уәкіл» кәсіби байқауы қорытындыланды. Биылғы жылы өткен байқауда ең үздік көрсеткіштер есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасынан қатысқан жедел уәкілдің еншісінде, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.
Жуырда солтүстікқазақстандық полицияның 20 офицері дәстүрлі облыстық байқауға қатысты. Кәсіби байқауда қызметкерлер заңнама мен ведомстволық бұйрықтарды білу жағынан тестілеуден өтті, атыс және дене шынықтыру дайындығынан сынақтар тапсырды.
Сондай-ақ офицерлер жауынгерлік күрес тәсілдерін қаншалықты меңгергенін көрсетті. Барлық кезеңдердің қорытындысы бойынша СҚО полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі полиция майоры 35 жастағы Қуандық Қапаров үздік шықты. Офицердің екі жоғары білімі бар. Қазақстан Республикасының Қарулы Күштер қатарында мерзімді әскери борышын өтеген. Ішкі істер органдарында 2011 жылдан бастап қызмет атқарып келеді.
“Полицияға қызметке орналасқалы жатқан жастарға және жас қызметкерлерге өздерін жетілдіріп отыруға, төзімді, табанды болуға және әр түрлі адамдармен қарым-қатынас жасай білуге кеңес беремін”,- дейді Қ. Қапаров.
Жақын уақытта Қуандық Қапаров республикалық деңгейде өтетін Ішкі істер министрлігінің байқауында өңір намысын қорғайтын болады.