Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » Петропавлда синтетикалық есірткі жасырушы ұсталды

Петропавлда синтетикалық есірткі жасырушы ұсталды

Петропавлда куәгерлердің сақтығының арқасында есірткі таратты деген күдікпен 48 жастағы қала тұрғыны ұсталды. Күдікті маусым айында Шухов көшесінде есірткі жасырып жүрген. Әйелдің әрекетін байқап қалған тұрғындар бірден полицияға хабарласқан, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.

Минуттардан соң оқиға орнына СҚО ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері келді. Жеке тінту кезінде қала тұрғынынан ішінде қызыл түсті ұнтақ тәрізді зат салынған 14 полимерлік түйіншек тәркіленді. Тағы 11 түйіншек есірткі жасырып үлгерген орындардан алынды. Сараптама нәтижесі бұл зат «мефедрон» синтетикалық есірткі заты екенін көрсетті.

«Күдікті қамауға алынды. Тергеу жүргізілуде. Есірткінің таралуымен күресу – бөлініс жұмысының маңызды бағыттарының бірі. 8 айдың ішінде облыста түрлі 169 есірткі құқық бұзушылығы тіркелді, оның 71-і – сату фактісі. Заңсыз айналымнан 728,9 кг есірткі алынды, оның ішінде 1 келіден астамы – синтетикалық психотроптық заттар», – дейді СҚО ПД ЕҚҚІҚБ бастығы полиция подполковнигі Иван Терзиди.

 

Shares