Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » Солтүстік Қазақстан облысындағы әйелдер колониясында қағаздан 40 келілік көйлек тігілді

Солтүстік Қазақстан облысындағы әйелдер колониясында қағаздан 40 келілік көйлек тігілді

Петропавл қаласындағы әйелдер колониясында жыл сайын сотталған әйелдер арасында «Мекеме аруы» байқауы өтеді. Өткен жылдары бұл шара «Мисс Пампушка», «Супер келін» және «Қар ханшайымы» форматында өткен. Бұл жолы байқау классикалық форматта өтті, қатысушылар өздерінің шығармашылық мүмкіндіктерін толық көрсете алды, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.

Байқау 4 кезеңнен тұрды: «таныстыру», «дефиле», «шығармашылық сайыс» және «интеллектуалдық викторина». Алты қатысушы бір ай бойы өз бетінше костюмдер, спектакльдерге арналған реквизиттер тікті және портфолия жасап, қарқынды дайындалды. Гүлбаршын Серімбетова қазылар алқасын өзінің ерекше киімімен таң қалдырып, «Мекеме аруы-2023» атағын жеңіп алды.

Жалпы салмағы 40 келі болатын ұлттық нақыштағы көйлек, қамзол және сәукеле жасау үшін ол 1200-ге жуық А4 қағазын және бірнеше метр мата жұмсаған. Жеңімпаз көйлектің пішінін жасау кезінде ең қиыны сыммен жұмыс істеу болғандығын айтады. Қатысушы екінші көйлекке мекемедегі әйелдермен бірге 3000-ға жуық қолдан ойылған көбелектер жапсырған.

«Мекеме аруы» атағына қол жеткізгеніме өте қуаныштымын. Мұнда келгеніме небәрі 3 ай болса да көпшіліктің зор ықыласын, қолдауын сезіндім. Барлық қыздар мені қолдады, би биледі, тіпті қолдау сөздері жазылған плакаттар дайындады. Мекеме ұжымына, әсіресе маған көмектескендердің барлығына алғысым шексіз. Әрине, көйлек үсті мен төменгі бөлігін жасау кезінде  қиындықтар болды. Екінші костюмді жасау оңайырақ болды. Бірақ 3000 көбелекті қиып алып, олармен бүкіл көйлек пен аяқ киімді безендіруге тура келді», – дейді байқау жеңімпазы.

Бірінші орын алғаны үшін Гүлбаршынға тәж табысталды. Қалған қатысушылар да назардан тыс қалмай, түрлі номинациялар бойынша марапатталды.

Shares