Ауылдық жәрмеңкеге тұрақтандыру қорынан 7 тоннаға жуық өнім әкелінді
«Солтүстік» ӘКК М.Жұмабаев ауданында жыл сайынғы күзгі жәрмеңкеге қатысты, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.
Облыс орталығынан Булаеваға тұрақтандыру қорынан жеті тоннаға жуық өнім әкелінді.
Жәрмеңке қонақтары азық-түлік өнімдерін арзандатылған бағамен сатып алу мүмкіндігіне ие болды. Атап айтқанда, күріштің келісі – 335 теңге, тұз – 50 теңге, рожки – 250 теңге, қарақұмық – 330 теңге, өсімдік майы – 590 теңге.
Жәрмеңкеде тұрақтандыру қорының өнімдері санаулы сағатта сатылып кетті. Жергілікті өндірушілердің ұны ерекше сұранысқа ие болды.
«Солтүстік» ӘКК алдағы уақытта ауыл тұрғындары сапалы өнімді тиімді бағамен сатып алуы үшін жәрмеңкелермен облыстың басқа да жерлерін аралауды жоспарлап отыр.
«Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары 19 аталымнан тұрса, соның 14-і Солтүстік Қазақстан облысының тұрақтандыру қорына сатып алынады. Өңірде өндірілмейтін өнімдерді қоспағанда, барлығы жергілікті тауар өндірушілерден сатып алынады», – деп атап өтті тұрақтандыру қоры өкілдері.