СҚО-да көктемгі егіс жұмыстары жүргізіліп жатыр
Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов Кызылжар ауданына барып, көктемгі егіс жұмыстарының барысымен танысып, жергілікті ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен кездесу өткізді. Ол мемлекеттік қолдаудың ауыл шаруашылығы саласына алдын ала көрсетілетінін және барлық қажетті бағыттарды қамтитынын атап өтті, деп хабарлайды QZ News.
Биылғы жылы майлы дақылдар егіс алаңын ұлғайтуға ерекше назар аударылуда – өткен жылмен салыстырғанда 86 мың гектарға артады. Қаржыландыру 2024 жылдың желтоқсан айында басталып, “Кең дала-1” және “Кең дала-2” бағдарламалары аясында 83 млрд теңге, сондай-ақ ӘКК арқылы 37 млрд теңге бөлінді.
Марат Тасмағанбетов биыл минералды тыңайтқыштарды сатып алудың жаңа тиімді схемасы іске қосылғанын атап өтті – «60-қа 40» жүйесі бойынша, ауыл шаруашылығы өндірушісі құнының тек 40%-ын ғана төлейді.
– Қазір жұмысымыз жаман емес. Шамамен 287 мың тонна тыңайтқыш бойынша келісімшарт жасалды. Аудандар алып жатыр, бағдарлама жұмыс істеп тұр. Бізге қосымша 15,4 миллиард теңге субсидия бөлінді, былтырғы қарыздарды жаптық, барлық зауыттар мен гербицидтер бойынша есеп айырыстық, – деді ол.
Елеулі қолдауды «ҚазАгроҚаржы» АҚ да көрсетіп отыр. Биыл лизинг арқылы 13,5 млрд теңгеге 430 дана ауыл шаруашылығы техникасы, соның ішінде егіс кешендері, тракторлар мен комбайндар берілді. «ҚазАгроҚаржы» АҚ СҚО филиалының директоры Ербол Аяғанов бағдарламаның жеңілдетілген шарттарына тоқталды: жылдық 5% және бастапқы жарна 10%, 2025 жылғы желтоқсанға дейінгі кейінге қалдыру мүмкіндігі қарастырылған. Артықшылық отандық техника өндірушілерге беріледі.
Сәтті егіс жұмысының бір мысалы ретінде «Сервис-ЖАРС» ЖШС атауға болады – бұл шаруашылық 7 мың гектар алқаптың төрттен бірін сеуіп үлгерген. Шаруашылық директоры Ғаббас Жантаевтың айтуынша, биыл олар бидай мен сұлы сияқты дәнді дақылдарды, рапс, зығыр мен күнбағыс сияқты майлы дақылдарды және мал азықтық шөптерді өсіруде. Егіс алқаптарында 70 адам мен 20 техника бірлігі жұмыс істеп жатыр.
Жалпы, 2025 жылғы көктемгі егіс науқаны Солтүстік Қазақстан облысында ұйымшыл және үйлесімді түрде өтуде. Көзделген барлық мемлекеттік қолдау шаралары іске асырылып жатыр, бұл диқандарға өндірістік жұмыстарға толықтай назар аударуға мүмкіндік беруде. Биыл облыс бойынша барлығы 4,4 миллион гектар ауыл шаруашылығы жері егіледі деп жоспарланған.