Петропавлдық мұғалім «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағына ие болды
5 қазан күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білім беру саласындағы ерекше жетістіктері және Қазақстанның дамуына қосқан елеулі үлесі үшін бірқатар ұстазға «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағын берді, деп хабарлайды QZ MEDIA тілшісі.
Марапатталғандар қатарында Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Айжан Қапезова да бар.
Айжан Қапезова 1963 жылы 9 шілдеде Солтүстік Қазақстан облысы, Жамбыл ауданы, Үлгі ауылында дүниеге келген. 1980 жылы Рудный педагогикалық училищесіне бастауыш сынып мұғалімі мамандығы бойынша оқуға түсіп, оны 1983 жылы бітірді. Азаматшаның педагогикалық тәжірибесі 40 жылдан асады.
1983-1999 жылдары Солтүстік Қазақстан облысы Жамбыл ауданындағы Баян орта мектебінде бастауыш сынып мұғалімі болып еңбек еткен.
1999 жылдан қазіргі уақытқа дейін Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектепте бастауыш сынып мұғалімі болып еңбек етуде.
Жұмыс барысында 235 бастауыш сынып оқушысына және 10-нан астам бітіруші сыныпқа сабақ беріпті.
Шәкірттері Республикалық «Зерде» ғылыми жобалар байқауының, Республикалық «Ақ бота» пән олимпиадасының, қалалық, облыстық пән олимпиадалары мен байқауларының жеңімпаздары атанды.
Айжан Байкенқызының бойында бастауыш сынып мұғаліміне қажетті кәсіби және адамгершілік қасиеттердің барлығы бар. Жоғары пәндік білімі, бала психологиясын түсінуі, жауапкершілігі, мейірімділігі және дұрыс қарым-қатынасы оның ізденімпаз ұстаз болуына және әріптестері мен ата-анасыһ арасында құрметке ие болуына мүмкіндік берді .