Ұлы отан соғысының ардагері Иван Клименко өмірден озды
Ұлы Отан соғысының ардагері Иван Трофимович Клименко дүниеден өтті. Қала әкімі Серік Мұхамедиев батырдың отбасы мен жақындарына көңіл айтты, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.
Иван Трофимович 1944 жылы майданға аттанды. Небәрі 17 жасында Шығыс Пруссияда, кейін Қиыр Шығыста жауға қарсы тұрды. Жапония жеңілгеннен кейін Иван Трофимович Қытайда алты жыл қызмет етті. Ардагер 2-дәрежелі Отан соғысы орденімен және «Германияны жеңгені үшін» медалімен марапатталған. Елге 1951 жылы ғана оралды.
«Ол елге оралған соң аянбай еңбек етіп, туған жердің көркеюіне зор үлес қосты. Иван Трофимовичтің есімі мен ерлігі отандастардың жадында мәңгі сақталады», – деп жазды қала әкімі әлеуметтік желідегі парақшасында.
Қоса кетейік, Клименко Иван Трофимович 96 жаста еді.